Астананың іргесіндегі Қажымұқан ауылында мал ұрлығы өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананың іргесіндегі Қажымұқан ауылында мал ұрлығы өршіп тұр

10.01.2018

Астананың іргесіндегі Қажымұқан ауылының тұрғындары ұрлықтан көз ашпай келеді. Соңғы жылдары олардың қорасындағы малдары жоғалып жатыр. Кейінгі кезде құныққан қарақшылар қылмыстарын тіпті, жиілетіп кеткен. Жергілікті халық осылай деп налып, арнамызға хабарласқан еді. Қорасындағы түліктен теңгесін айырып, күн көріп отырған ағайынның мұң-мәселесін тілшілеріміз тыңдап қайтты.

Рас, бүгінде түлік деген мүлік. Тіпті, күнкөріс көзі де сол. Сол себепті, халық шарасыздықтан шырылдады. Жағдай әбден ушыққандықтан жиналып, мәселені ашып айтты. Қорадағы малдары қарақшылардың қолында кетіп жатыр. Бір емес, талай отбасының ірілі-ұсақ малы із-түзсіз жоғалған.

Сұрай берсең, ұрланғандар көп. Ал, ұрының сайда саны, құмда ізі жоқ. Малға қырғидай тиген кімдер екені әлі белгісіз.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

- Ұрлықты кәсіп еткен бұл қарақшылар кейінгі уақытта, тіпті, әккіленіп, басынып алған. Себебі, соңғы қылмыс тіркелген бұл үй ауылдың қақ ортасында тұр. Ұрлықшылар қораға түнгілік кіріп, үш буаз сиырды жетектеп, осы ауылдың қақ ортасындағы ең үлкен көшемен ай жарықта емін-еркін жүріп, алып кетіпті.

Оқиға қаңтардың 5-нен 6-сына қараған түні болған. Ұрлықшылар қораның құлпын бұзып, ішіндегі байлаулы сиырларды үптеп кетіпті. Жоғарыда айтқанымыздай кең көшені кесіп, ауылдың шетіндегі зираттардың маңына малды апарған. Сол жерде үш сиырды сойып, ішінен шыққан үш бұзау мен малдың бас-терісін лақтырып, етін алып кеткен.

Зураш Рахметова, зейнеткер:

- Егер түнде екі-үш полиция жүрсе сондай ұрлық болмас еді деп ойлаймыз.

Тұрғындар әр ұрлық болған сайын жергілікті полицияға барып, арыз-шағымдарын түсірген. Демек, бұл іркес-тіркес сабақтасқан қылмыс бос әңгіме емес, нақты факті.

Ермек Медеубаев, Целиноград ауданы Ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің басшысы:

- Ол фактілердің бәрі заңды түрде бізде кезекші бөлімде тіркелген. Әрқайсына қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі таңда бүкіл аудандық ІІБ қызметкерлері жұмылдырылып, іздестірілу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алайда, полиция қызметкерлерінің тапшылығы бар екені анық. Тұтас Талапкер селолық округында бар болғаны екі учаскелік инспектор мен бір көмекшісі бар. Солардың тек біреуі ғана Қажымұқан ауылына бекітілген.

Айбек Есеев, Целиноград ауданы Талапкер ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Ақмола облысы ІІД басшысы келіп Талапкерде полиция бекетін ашу туралы шешімдер қабылданды. Енді жақын арада ашады. Қазір соны ашуға ғимарат іздестіріліп жатыр. Ол ғимарат ашылғанда өзінің жедел тергеушілері болады.

Демек, алдағы уақытта Қажымұқан ауылында полицейлердің саны көбейіп, қауіпсіздік күшеюі мүмкін. Бірақ, ол - уақыттың еншісіндегі іс. Анығы сол, құныққандарға құрық табылмайынша, әр үйдің үптелмесіне үміт кем, үрей басым.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу