Немересін өлтірген зейнеткер 17 жылға сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Немересін өлтірген зейнеткер 17 жылға сотталды

27.12.2017

Петропавлда бір айға толмаған немересін тірідей пешке жағып жіберген 62 жастағы зейнеткер 17 жылға сотталды. Оқиға қазан айында Мамлют ауданы Дубровное ауылында болған. Асыранды қызы және екі немересімен бірге тұрып келген Любовь Русалиева қызы дүкенге кеткенде сәбиді жанып тұрған пешке тастай салған. Нәрестенің шарылдап жылап жанып жатқанын алдымен үйге кірген үлкен немересі көрген. Жұрттың жағасын ұстатқан оқиғадан кейін жүргізілген сараптама нәтижесі зейнеткердің есі түзу екендігін дәлелдеді. Сәбидің анасы айыпталушыға кесілген 17 жыл жазаны тым аз деп отыр. Әрі жәбірленуші оны ешқашан кешіре алмайтынын айтты.

Эльвира Оразымбетова, СҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы:

- Сот шешімі бойынша Русалиева Любовь ҚР ҚК 99-бабы бойынша айыпты деп танылды. Оған 17 жыл бас бостандығынан айыру үкімі шығарылды. Жазасын жалпы режимдегі түзету мекемесінде өтейтін болады.

Олеся Грудинская, жәбірленуші:

- Мен оны кешірмеймін. Туған қызымнан айырды. «Ана» деп те атамаймын енді. Кездесуге де келмеймін. 17 жыл аз. Одан да көп беру керек еді. Бұрын мұндай оғаш қылықтарын көрмедік. Балаларды жақсы көретін. Осы жолы не болғанын білмеймін бірақ, кешірім жоқ оған.

Хабарламаларға жазылу