Астанада жолдағы тексеріс күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жолдағы тексеріс күшейтілді

26.12.2017

Тұрақтан жырақ - айыппұл! Бүгіннен бастап Астанада Жол-патрульдік полицейлері күшейтілген кестеде жұмыс істейді. Оған себеп – шаһардағы көлік кептелісінің жиілеуі. Әсіресе, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қоғамдық орындардың маңайы темір тұлпарға лық толы. «Қозғалыс қиындамас үшін жол сақшылары осындай шара қолдануға мәжбүрміз», - дейді. Рейдтің алғашқы күнін тілшіміз де бақылап көрді.

Астанадағы ірі сауда орындарының бірі. Нысанның ішінде қанша қабатты автотұрақ бар. Бірақ, соның өзінде маңайында көлік көп, кептеліс те жоқ емес. Көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің қозғалысы қиындаған. Осы тұста полицейлер іске кірісті.

Полицей ескертті, айыппұл қағазын толтырды. Ірі көлік кіші көлікті арқасына асып, айыппұл алаңына аттанды. Ал, алаңғасар жүргізуші аң-таң.

Антон Ибрагимов, қала тұрғыны:

 - Осылай тез кездейсоқ болып қалды. «Артемға» жүгіріп, кіріп-шығамын деп едім. Осы жолы ғана ереже бұзып тұрмын.

Жалпы, Астанада кей мәліметтерге сүйенсек 500 мыңнан аса көлік жүр. Кең көшеден, тар көше көп. Сәйкесінше, кептеліс жиілейді. Оның үстіне, көлік тұрақтары да үнемі табыла бермейді. Бірақ, мұның барлығы ереже бұзуға сеп те, сылтау да емес.

Рүстем Өмірбеков, қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы:

- ҚР Әкімшілік кодексінің 797-бабына сәйкес, иесі тастап кеткен көліктерді біз эвакуатормен апарып қоюымызға толық құқымыз бар.

Азамат Нұғыманов, тілші:

- Жыл басынан бері Астанада 9 мыңнан аса көлік жүргізушісі темір тұлпарын тиісті жерге қойып, ереже бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Ал, бүгіннен бастап Жол-патрульдік полицейлері күшейтілген кестеге көшті.  Демек, енді рұқсат етілмеген жерге сәл аялдаймын деп көлігіңізді айыппұл тұрағына жөнелтіп алмаңыз.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу