Осы күнге орай тілшіміз Астанадағы «Ана үйі» қоғамдық қорына барып қайтты. Онда жыл сайын баласымен далада қалған 800-ге тарта әйелге қол ұшын созады. Жесір, тұрмыс жағдайы төмен, алданған немесе барар жері жоқ әйелдер жәрдем сұрап, сол жерге келеді. Шарт бойынша көмек үйі ана мен баласын жарты жылдан бір жыл аралығында ғана қамқорлығына ала алады. Ары қарай өз бетімен аяқтанып кетуі керек.
Гүлдана Рақымкелді «Ана үйіне» бір айлық баласымен келген. Азаматтық некедегі жолдасы асырай алмағанымен қоймай, күнде ұрып-соққан. Жетімдіктің уызын ерте татқан келіншек нағашысының қолында бойжеткен.
Гүлдана Рақымкелді, «Ана үйінің» тұрғыны:
- Жақсы адамдар жамандардан қарағанда көбірек. Алдағы өмірден үміт үзбеуге тырысамын.
«Ана үйі» қоғамдық қорын 2013 жылы белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев құрған. Қазір еліміздің 19 қаласында осындай 25 үй бар. Онда 360 келіншек баласымен тұрып жатыр. Жиырмаға жуық меценат жыл сайын қаржы бөліп тұрады. Мұнда баспанадан бөлек азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіліп, дәрігер мен психолог, заңгер мамандардың көмегі көрсетіледі.
Гүлнәр Шәкірова, «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі:
- Біздің мақсатымыз - жетім балалардың санын азайту. Ана баласын далада тастамауы үшін осындай үйлер ашылған.
Динара Досмырзаева, әлеуметтанушы:
- Осындай жобалардың арқасында кедейшілікпен күресуге де болады, сонымен қатар, меценаттар өз үлестерін қосса көп нәтижеге жетуге болады.
Қоғамдық қор 20 ананың баспаналы болуына септігін тигізген. Гүлдана Рақымкелдінің де арманы үйлі болу. Қазір екі жерде жұмыс істеп, ақша жинап жатыр.
Біз көмекке мұқтаж бір ғана адамның тағдырына куә болдық. Елімізде баласымен жалғыз қалған мыңдаған ана бар. «Ана үйі» қоғамдық қоры ашылғалы бері 4 жылдың ішінде 3000-нан астам келіншекке жәрдемдесіпті.
Анасы мен баласы бұл үйден кеткен соң көмекке зәру болары сөзсіз. Оларға жәрдемдесетін қайырымды жандардың табылатынына сенгіміз келеді.
Әсел БАСШЫБЕК