ОҚО-да жастар мамандықты дұрыс таңдау бойынша тренингтен өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да жастар мамандықты дұрыс таңдау бойынша тренингтен өтті

28.11.2017

«Өмірлік таңдау». Осындай атаумен Оңтүстік Қазақстан облысында жастарды мамандықты дұрыс таңдауға бағытталған тренинг өтті. Оған өңірдегі аудан және қала мектептерінен 50-ге жуық педагог қатысты. «Өмірлік таңдау» – жастарды жұмысшы мамандықтармен етене таныстыруға бағытталған ауқымды жоба. Бағдарлама бойынша тренингте арнайы оқу курсынан өткен ұстаздар 8,9 және 10-сынып оқушыларымен мамандық таңдауға байланысты жан-жақты жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ, оқушылар өндіріс ошақтары мен кәсіпорындарды аралайды. Жұмысшылармен пікірлесіп, кәсіптің қыр-сырына қанығады. Бұдан бөлек, жоба аясында арнайы сайт жасақталып отыр. Жастар сайттағы онлайн тестілеу арқылы өздерінің қай салаға және қай мамандыққа бейім екенін алдын ала сынап көре алады. Жоба әзірге Ақтөбе, Павлодар, Маңғыстау, Батыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында тәжірибеден өткізілуде.

Жандос Сапаров, тренингке қатысушы, мектеп директорының орынбасары:

- Жастардың қазіргі таңда мамандық таңдауда жаңылысып жатқан жағдайларына байланысты біз көп материалдар алдық. Алған білімді өмірде бағыттайтын кәсіптік мәні, мазмұны бар тренинг болды.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу