Қазақстан мен Финляндияның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына биыл - 25 жыл. Осы мерейлі датаға орай, әрі ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығын атап өту үшін еліміздің Финляндиядағы елшілігі Хельсинкиде ресми қабылдау ұйымдастырды. Шараға еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Финляндияның Мемлекеттік хатшысы, үкімет мүшелері, лауазымды тұлғалары қатысты. Ширек ғасыр ішінде қазақ-фин қатынасы қарқынды дамыды. Бүгінде экономика, энергетика, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі салаларында 70-тен астам біріккен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Астанадағы «ЭКСПО»-ға белсене қатысқан фин кәсіпкерлері қазақ экономикасына инвестиция құюға құлшынып отыр. Қос ел үкіметі де барлық салада ынтымақты бекемдеуге мүдделі.
Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- 25 жыл ішінде Қазақстан мен Финляндия арасындағы қатынас жемісті дамыды. Енді осы әріптестікті жаңа сатыға шығару үшін бар күш-жігерімізді біріктіріп, достығымызды нығайту қажет. Жақында, Коувола-Бусловская-Алтынкөл-Сиань маршруты бойынша Финлядиядан Қазақстан арқылы Қытайға қатынайтын пойыз іске қосылды. Осы пойыз экономикалық локомотив болып, бұдан да қызықты, тың жобалардың жүзеге асуына септігін тигізеді деген ойдамыз.
Нұрсұлу ҚАСЫМ