Басты Жаңалықтар Күйеуінен зәбір көріп, дағдарыс орталығын паналайтын аналар көбейді

Күйеуінен зәбір көріп, дағдарыс орталығын паналайтын аналар көбейді

Соңғы кездері елімізде күйеулерінен зәбір көріп, амалсыздан дағдарыс орталықтарын барып паналайтын әйелдер көбейген. Тіпті, отбасылық зорлық-зомбылықтың соңы өліммен аяқталып жататын жағдайлар да аз емес.

Марта 25 жаста. Күйеуімен екі жыл бірге тұрған. Осы уақытта оған жолдасы жиі қол жұмсап, зорлық көрсетіп келген. Екі баланы  дүниеге әкелсе де, тұрмыс тауқыметі таусылмапты. Соңында күйеуі үшінші нәрестеге аяғы ауыр Мартаны тастап, іс-түзсіз ғайып болған. Енді, жалғыз ілікті ана тентіреп жүр.

Марта сияқты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматшалар аз емес. Ақылға емес, араққа, жүрекке емес, жұдырыққа жүгінетін әлсіз еркектер бала-шағаларын да аяп жатқан жоқ. Күйеуінен зәбір көріп, дағдарыс орталығын паналайтын аналар жыл сайын көбейіп келеді.

 Ғалихан Куканбеков, Дағдарыс орталығының директоры:

- Бүгінгі таңда осы дағдарыс орталығында тұрып жатқандардың саны - 31 адам. Оның 11-і - әйел, 20-сы - балалар. Биыл жалпы 281 қызмет алушы қабылданды. Бұл көрсеткіш былтырғы көрсеткіштен 100 адамға артық. Жалпы, қызмет алушылардың қатары жылма- жыл артып келе жатыр.

Соңғы жылдардағы ерлі-зайыптылар арасындағы ең қатыгез әрі шулы оқиғаларды шолып өтейік. Екі жыл бұрын Астанада Қанат Сәдуов бұрынғы әйеліне бензин құйып, өртеп жіберген. Қостанай облысында Бекібаев өз жұбайын сот залында пышақтап өлтірді. Ал, Ақтөбеде ер адам бес баласының анасын сабап, жансақтау бөлімінен бір-ақ шығарған.

Осындай жантүршігерлік оқиғаларды тізе беруге болады. Бірақ, ең сорақысы - қоғам қанды жаңалықтарға селт етпейді, секем алмайды, бой үйретіп алған. Зорлықтың бастауы, проблеманың үлкені де - осы.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Бөлісу