Кәмелетке толмаған елордалық балалар жыл басынан бері 150-ден астам қылмыс жасаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәмелетке толмаған елордалық балалар жыл басынан бері 150-ден астам қылмыс жасаған

15.11.2017

Бас прокуратураның ресми мәліметі бойынша 22 балаға үкім шығып, олардың онының бас бостандығына шектеу қойылып, алтауы шартты түрде сотталды. Өзге екеуі түрмеге қамалды. Алайда, Қазақстандағы ЮНИСЕФ ұйымы заңға қайшы әрекет жасаған балаларды бас бостандығынан айырмай, олардың оңалуына мүмкіндік беру керек деп есептейді. Осыған байланысты халықарылық ұйым еліміздің 3 өңірінде пилоттық жоба әзірлеп, жазаның баламалы түрлерін ұсынды.

Алинаның айтып отырғаны - ұрлық. Бір кездері сыныптастарының затын рұқсатсыз алуды әдетке айналдырған. Тәртібі де нашар болып, ұзақ уақыт отбасы және қатарластарымен тіл табыса алмай жүріпті. Қылмыстық іс қозғамас үшін мектеп инспекторлары оны осы орталыққа әкелген. Маусым айынан бастап Алинамен психолог мамандар жүйелі түрде жұмыс істеп келеді.

Светлана Владимирова, қала тұрғыны:

 - Жаздан бері күнде осы жерге келеміз. Әлеуметтік қызметкерлер бізбен жұмыс істеп, қызымыз сабырлы бола бастады. Айналасындағылармен де достық қарым-қатынас орнатып, үйде кикілжің азайды. Жағдайының жақсарғанын бірден байқадық.

Шығыс Қазақстан облысында 2013 жылы қылмыс жасаған 345 бала тіркеуде тұрса, биыл олардың саны екі есеге азайған. «Себеп - тәрбие беру арқылы түзетуге арналған арнайы оңалту орталықтарының ашылуы»,-дейді мамандар. Бұл жобаны жүзеге асыруға Еуроодақ 2 миллион, ал ЮНИСЕФ ұйымы 400 мың еуро қаржы бөлген. Бағдарлама бойынша 100-ге жуық бала әлеуметтік қолдауға ие болып, 300-дей ата-анаға консультациялық қызмет көрсетілген. Осылайша, екі жылда қамауда отырған бала саны 95-тен 47-ге дейін азайыпты.

Нәзікгүл Ахметқалиева, «Феникс» даму және бейімделу орталығының басшысы:

 - Өскеменде соңғы 3 жылда кәмелет жасқа толмаған 120 бала қылмыс жасағаны үшін тіркеуде тұрған еді. Олар 1 жыл бойы бақылауда болды. Сол уақытта олармен психолог, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істеп, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тіркеуден 100-ден астам жасөспірім алынды. Биыл бұл бағдарламаға 36 бала бағытталды.

Жалпы, елімізде қылмыс жасаған жасөспірімдерді арнайы мектептерде оқшаулауға үкіметтен айына 221 мың теңге бөлінеді. Ал, ЮНИСЕФ ұйымы ұсынған жобаға сәйкес, айына 19 мың теңге жұмсап, «баланың санасын өзгертуге» болады.  Яғни, 10 есе арзан. Тағы бір статистикалық мәліметтерге жүгінсек, арнайы мектептер мен колониялардағы балалардың 91 пайызы қайта қылмыс жасайды екен. Ал, сәтті жүзеге асырылған жоба алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлеріне  енгізілмек.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу