Сырдарияда су тасу қаупі жоғары. Өйткені, Тоқтағұл су қоймасы ернеуіне жетті. Осының салдарынан дарияға секундына 3 мың текше метр су құйылады деген болжам бар. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 3-4 есе көп. Сондықтан, оңтүстік облыстарда тасқынның алдын алу шаралары күшейтілді.
Қазір Тоқтағұл қоймасында 19,5 млрд. текше метр су жиналған. Яғни, қойма суға толып тұр. Алдағы күндері қырғыздар электр энергиясын өндіруге байланысты төменге қарай жіберілетін судың көлемін арттырады. Секундына 1200 текше метр су Сырдарияға құйылады.
Өзбекстан мен Қырғызстан биыл сағатына 5,5 миллион Квт энергия алу туралы келісімге келді. Бұл - 600-700 миллион текше метр су. Оған Қырғыз елінің ішкі сұранысын қосқанда тағы еселене түседі. Онымен қоса, Тәжікстандағы Қайраққұм да суға толып қалды.
Әділхан Қарлыханов, Арал–Сырдария бассейндік су шаруашылығы инспекциясының басшысы:
- Бұл - ертең мұз қатқаннан кейін жоғары жақтан көп су келеді деген болжам. Бұрынғы жылдары Тоқтағұлдан төменге қарай 600-700 текше метр су келетін, яғни, 3-4 есе. Мұның барлығы жылда Шардара су қоймасына келіп құйылады.
Шардара да, Көксарай да босатылды, мол суды қабылдауға дайын. Барлық каналдар ашық. Синоптиктердің болжауынша, желтоқсан айының ортасында күн суытады. Яғни, осы кезде Қызылорданың солтүстік аудандарында мұз ұстасады.
Азамат Райымбеков, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы:
- Облыс бойынша су басу қаупі бар аймақтар болып 56 елді мекен белгіленген. Сол елді мекенде тұратын 156 мыңға жуық тұрғынға 86 эвакуациялық пункт және 101 қабылдау пункті дайындыққа келтірілді.
Қазір Сырдария өзені арқылы секундына 930 текше метр су өтуде. «Бұл да аз емес», - дейді мамандар. Осыған орай, өзен арнасының осал тұстарын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бұл үшін облыстық бюджеттен 662 миллион теңге бөлінді. Ең қауіпті аумақ Қызылорда қаласының тұсы, ол жерге қосымша бөгет соғылып жатыр.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ