Астанада қоғамдық кеңестердің І республикалық мәжілісі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада қоғамдық кеңестердің І республикалық мәжілісі өтті

13.11.2017

Елімізде құрылған қоғамдық кеңестердің қызметін заң жүзінде нығайтып, оларды қаржыландыру мәселесін шешу қажет. Астанада өткен 1-ші республикалық мәжілісте талқыланған басты тақырып осы болды. Барлық облыстардан келген 500 делегат бұл институттың мәртебесін көтеріп, оның жұмысында мемлекеттік орган өкілеттігін 20 пайызға төмендету жайында әңгіме қозғады. Мәжіліс қорытындысы бойынша қатысушылар өздерінің ұсыныстары мен шешімдері негізінде арнайы қарар қабылдады.

Айта кетейік, қазір елде республикалық және жергілікті деңгейде 229 қоғамдық кеңес бар. Оған 4 мыңнан астам адам кіреді. 

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

- Жинақталған мәселелердің ішінде қаржыландыру мәселесі бірінші орында тұр. Бір жағынан қоғамдық кеңестерді қаржыландыру керек сияқты, өйткені, олардың жұмыс ауқымы кең. Олар іс-сапарға шығып тұрады, жиналыс өткізеді. Басқа жағынан оларға мемлекет тарапынан қаржы бөлінетін болса, заңда жазылған тәуелсіздік және олардың автономиялық қағидаты бұзылып кетуі мүмкін.

Қоғамдық кеңестердің алғашқы мәжілісінің делегаттары түстен кейін арнайы баспасөз мәслихатына да қатысты. Онда алғашқы жиынның қорытындысы жасалды. Осылайша, алдағы уақытта қоғамдық кеңестердің құзыретін арттыру мен олардың қатарына жастарды тартуға басымдық берлімек.

 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу