Сұлулықтың символы, ұлылықтың ұясына айналған – Астана келесі жылы 20 жылдығын тойлайды. Осыған орай қала әкімдігі байқау жариялады. Шара шеңберінде қиялы ұшқыр, қылқаламға епті азаматтар сайысқа түспек. Яғни, мерейтойлық брендбук анықталуы тиіс. Астананың 20 жылдығына орай ең үздік логотипті дайындаған үміткерге қомақты сыйақы да бар.
Ерлан Каналимов, қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы:
- Конкурстың өту мерзімі 6 қарашадан 27 қарашаға дейін. 21 күн бойы өтеді. Арнайы комиссия құрылып, нәтижелерін қарайтын болады.
Комиссия ашық отырыстар ұйымдастырып, іріктеуді қоғамның кез келген мүшесі бақылап отырады. Яғни, талап қатаң, жауапкершілік салмақты. Оның үстіне, уақыт та көп емес. Жеңімпаздың қанжығасына 8 млн. теңге байланбақ.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
- Астана – Азияның төрі, Сарыарқаның кіндігі. Жағрафиялық жағынан ғана емес, шартараптың шаһарларына шырайы бойынша да дес бермейтін, статус пен саясатқа салсаңыз да сес сезбейтін, қазақтың қазықты бас қаласы. Демек, оның барлық қырын барынша қамтып, қағазға түсіріп, том-томға тарайтын тарихы мен бүгінгі келбетін алақандай шеңберге сыйғызу оңай іс емес. Сол себепті, сыйақыдағы 8 млн. теңгенің буын емес, жауапкершіліктің жүгін сезінгендер сайысса игі.
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ