Хан Тәңірін елестетсеңіз, көз алдыңызға ең алдымен Нарынқол келеді. Себебі, Жетісу өңірінің ең шалғай елді мекендерінің бірі. Кезінде Райымбек ауданының орталығы болған тұста дәурені дүрілдеген еді. Ел мал өсіріп, егін салды. Әлі де солай. Алайда, ахуал бұрынғыдай емес. Ал, жастар жұмыс таппай сенделген соң, Кегенге, қала берді Алматыға қарай ауды. Тіпті, баспанасын тастап көшкендер көп. Ауыл шекара бойында тұрғаннан кейін Қытай елін дүрбісіз-ақ көресіз. Сондықтан, жергелікті жұрттың алаңдайтыны - осы.
Алмат Әбдіраман , тілші:
- Мына мен тұрған жер Қазақ пен Қытай шекарасы. Осы шекарадан 4 шақырым жерде Нарынқол ауылы тұр. Кезінде Нарынқолда 14 мың халық болған. Ал, қазір небәрі 8-ақ мың тұрғын бар. Енді, аз уақытта ел үдере көшіп, ауылда ешкім қалмай ма, деп тұрғындар қауіптеніп отыр.
Нарынқолда бұрынғыдай мыңғырған мал жоқ. Жері шұрайлы, шөбі құнарлы елді мекен үшін бұл ауыр жағдай. Аудан орталығы болған тұста сүт, тері өңдейтін цех, тіпті тәтті сусындар шығаратын зауыт дүрілдеп жұмыс істеген еді. Енді, мұның бәрі сағымға айналып, шекара түбіндегі жұрт шерменде күйге түсті.
Жантелі Мұқи, Нарынқол ауылдық округінің әкімі:
- Жастардың бәрі тіркеуде тұрғанмен, жұмыстың жоқтығына байланысты Алматыға барып, өздеріне лайықты жұмыс орындарын тауып, істеп жатқан жайлары бар. Егер аудан орталығы келсе, жастардың бәрі ауылға қайтар ма еді?!
Көптің көлдей тілегі - біреу. Яғни, нарынқолдықтар ауылға аудан орталығы мәртебесін қайтарып берсе екен,-дейді. Өйткені, шекараның маңында тұрғаннан кейін адам саны артып, тіршілік қыз-қыз қайнап жатуы қажет-ақ. Сондықтан, біз халықтың түн ұйқысы төртке бөлініп, не үшін алаңдайтындығын ұқтық.
Қаңыраған баспаналардың іші жанға толып, жұмыс орындары ашылса, қайта құлпыратын құтты мекен. Қазір де жұтап, жойылып барады, деуден аулақпыз. Алайда, жұрт жан-жаққа бытыраған жастар әке шаңырағының түтінін түтетсе деген ниетін жеткізді.
Ұлжан Қожағұлова, Т.Жанұзақов атындағы орта мектептің мұғалімі:
- Мектебіміздің оқушылары көбейіп, елге-жерге қызмет ететін және осы шекаралық аймақты қорғайтын патриот ұлдар мен қыздар тәрбиелейміз деп айта алатын едік. Және ауылымыздағы жастардың, ұстаздардың атынан ауданымыздың осы Нарынқол болғанын қалар едік.
Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін Мұқағалидың өлеңдерін жатқа айтады. Сондықтан, шекараның түбінде емес, ішінде тұрса да рухы мықты ауылдың күйремей, қайта түлейтініне сендік.
Алмат ӘБДІРАМАН