Қазан айының соңғы жексенбісі – Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазан айының соңғы жексенбісі – Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің күні

27.10.2017

Бұл, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік-медициналық көмек беріп жүрген еңбек иелерінің төл мейрамы. Тағдырдың тауқыметін тартқан қайсар жандарды бейімдеп, емдеуге негізделген орталықтар елімізде аз емес. Солардың бірі - Астана қаласы әкімдігінің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Сол қажырлы да, күрделі еңбек атқарып жатқан ұжымды тілшіміз кәсіби мерекелерімен құттықтап, жұмыстарымен танысып қайтты.

Мәрзияның мамандығы – әлеуметтік қызмет көрсету. Яғни, күні-түні мүмкіндігі шектеулі жандарға қарайласып, жәрдемдеседі. Бұл орталықта психикалық дамуы тежелген,  ақыл-есі кем адамдар емделеді. Ал, ол жандармен тіл табысып, күнделікті күтім жасау қиынның қиыны. Сол себепті, мұндай күрделі істі тек Мәрзия сияқты мамандығын жүрекпен таңдаған қызметкерлер ғана еңсереді.

Мәрзия Зилгаринова, «Қамқор»  әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ әлеуметтік қызметкері:

 - Қаншалықты қиын болса да, біреудің қиналып жатқанын көріп, кішкене көмек көрсеткің келеді. Тек қана оларға жұмыс қана емес, өзімнің адамгершілігім болғандықтан, оларға қандай да бір көмек көрсеткім келеді.

Бұл орталықта 250-ден аса адам емделуде. Олар ақыл-есі қалпына келмейінше осында тұрады. Орталық науқастарды 18 жастан қабылдайды. Мұнда әлеуметтік, медициналық тұрғыда көмек беріледі. Сондай-ақ, еңбекке жарамды науқастар түрлі кәсіпке жұмылдырылған.

Нұрбол Зұлқарнаев, «Қамқор»  әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ директоры:

 - Мекемеде қызмет алушылардан 258 адам бар. Біздің қызмет алушыларға күніне 5 мезгіл тамақ беріледі. Әр қызмет алушының өзінің бөлмесі бар. Жеке гигиена жүйелері бар. Негізі оларға үйге жақындатылған жағдай жасауға тырысып жүрміз.

Әлеуметтік қызметкер – әлеуметтің әлсіз өкілдерінің жанашыры, жақыны, тіпті, туысы. Бұл мамандар әр науқастың жан-дүниесіне үңіліп, сырласады, жан-жақты көмек береді. Сол сауапты да, салмақты еңбекті атқарып жүрген жандар төл мерекелерін атап өтуде. Эстрада жұлдыздары келіп, құрмет көрсетті. Көбінде қоғам мен билік назарынан тасада қалып жатса да бұл мамандық иелелері еш мойыған емес. Себебі, олар өздерінен бұрын, жақындарына айналып кеткен мына науқастар үшін уайымдайды, солар деп өмір сүреді. Мамандық махаббатқа ұласса, береке мен бақыт бар.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу