Полицейлер балаларға арналған акция өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Полицейлер балаларға арналған акция өткізді

20.10.2017

«Мен және менің полицейім». Осындай атаумен Астананың тәртіп сақшылары балаларға арналған акция өткізді. Шара шеңберінде жасөспірімдер өздерін полицей сезініп, олардың жұмысымен жақын танысты. Бұл туралы бүгін құқық қорғау органдарының қызметкерлері брифинг барысында баяндады.

Бір акцияның аясында бірнеше шара қамтылған. Полицейлер балаларға заң бойынша дәріс оқып, одан соң қызметтерінің қыр-сырын көрсеткен. Бұдан бөлек, түрлі қызықты шаралар ұйымдастырылып, көрмеге де жол түскен. Істің басы қасында «Нұр Отан» да бар.

Ахмет Сеитов, «Нұр Отан» партиясы Есіл ауданы филиалы төрағасының орынбасары:

- Бұл акция жасөспірімдер мен учаскелік полицейлердің байланысын арттырып, балалардың құқықтық сауаттылығын күшейтуге сеп болады. Сол себепті, біз үнемі осындай шараларға атсалысуға мүдделіміз.

Балалар шараның арқасында жол ережелерін де оқып, көлік басқарып та көрген. Одан соң, ескерту жазылған парақшаларды тұрғындарға таратыпты.

Бақдәулет Пернешов, ІІД  «Есіл» ювеналдық полиция басқармасының басшысы:

- Ата-аналары жоқ балалар мысалы, солардың қарамағындағы балалар, солардың араларында өтті. Академия мен университеттерде көптеген іс-шаралар өткізілді. Мен ойлаймын, біз тек қана акциямен шектелмей, өз ісімізді жалғастырамыз.

Жасөспірімдердің құқығы мен қауіпсіздігі сақталу үшін тәртіп сақшылары қалтқысыз қызмет етпек. Осы акция соған бағытталған. Айта кетейік, жыл сайын Астанада балалар арасындағы тәртіп бұзушылық пен қылмыс фактілері азайып келеді. Оған осындай алдын алу амалдары сеп болса керек.

 

Азамат НҰҒЫМАНОВ

Хабарламаларға жазылу