Афинадағы «Астана» дүкені өнімдеріне сұраныс көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Афинадағы «Астана» дүкені өнімдеріне сұраныс көп

19.10.2017

Қазақстандық тауарларға Грекияда сұраныс көп. Афинадағы «Астана» дүкеніндегі «Рахаттың» кәмпиттері мен Павлодардың жаймасын жергілікті халық талап алып жатыр.

Естеріңізде болса, бұл дүкен еліміздің Грекиядағы елшілігінің қолдауымен биыл шілдеде Астана күніне орай ашылған болатын. Сауда орталығының қожайыны-байырғы қазақстандық грек Михаил Юльванидис. Шымкенттің тумасы дүкенді Қазақстанда жасалған тағамдармен толтырып қана қоймай, ішін де бас қаланың көрікті жерлерінің суреттерімен көркем безендірген. Мақсаты-туған жеріне көптеп турист тартып, қазақстандық өнімді Грекияда кеңінен жарнамалау.

Статис Топалинис, Афина тұрғыны:

 - Дүкенге келген сайын, ішіндегінің бәрін көтеріп алып кеткім келеді. Себебі, Қазақстанның тауарлары өте сапалы. Әсіресе, мына Астана шоколадын, жайманы қатты жақсы көреміз. Жылқының етін де осы жерден алып жеп көрдік. Дәмі керемет екен.

Михаил Юльванидис, дүкеннің иесі:

 - Түскен заттың барлығы жергілікті халыққа ұнайды. Қазы, құрт, қымызды тағы қашан әкелесіңдер деп жұрт күнде сұрайды. Шымкенттен құртты тиеп жіберді. Күтіп отырмыз. Елден тауар тасымалдауды тездетудің жолдарын қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта тағы бір осындай дүкен ашу жоспарда бар.

Негізі, Астанада өтіп жатқан түрлі халықаралық шаралардың арқасында, грекиялықтар Астана, Қазақстанды кеңірек тани бастады. Бұл біздің дүкеннің де танымал болуына ықпал етті.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу