Доллар бағамы көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Доллар бағамы көтерілді

11.02.2014
Доллар бағамы көтерілді
  Ұлттық банк бүгіннен бастап теңгенің бұрынғы деңгейін сақтап тұрудан, теңгенің айырбас курсын құру процесіне араласудан бас тарту туралы шешім қабылдады.
 
Доллар  курсының жаңа бағамы - 185 теңге төңірегінде болады. Бұл туралы бүгін Алматыда Ұлттық Банк төрағасы Қайрат Келімбетов брифингте жеткізді.
 
Қазақстан экономикасының ғаламдық экономикамен тығыз байланысты екенін ескерсек, өздеріңіз жақсы білетін, әлемдегі дағдарысқа байланысты қаржы және тауар нарығында өзгерістер көбейді. Оған қоса, Ресей Орталық банкі рубльді еркін айналымға жіберген соң, оның долларға қатысты бағамы 7,1 пайызға әлсіреді.
 
Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтың сөзінше, валюталық саясат жүргізудегі өзгеріс - уақыт талабы.
 
Теңге бағамының өзгеруі -қаржы нарығы мен экономикада тұрақсыздықты болдырмау және шапшаң өзгерістер мен айырбас курсындағы қысқамерзімдік өзгерістерді жұмсарту мақсатындағы Ұлттық банктың саясаты.
 
Маңыздысы - ел кәсіпкерлерінің құқығы қорғалады. Ішкі тауар айналымында баға тұрақтылығы сақталады.
 
Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
Ресей рублінің айырбастау құнының құбылуы сақталып отыр. Естеріңізде болса, 2013 жылы Ресей рублінің курсы 7 пайызға төмендеген. Биылғы қаңтарда да валюта әлсіреу тенденциясы байқалды. Ағымдағы төлем теңгерімі өзгеріссіз қалып, импорт өсімі байқалды. Бұл экономикадағы жоғары девальвацияға әкеліп, осының салдарынан спекулитативті операциялар күшейді. Сондықтан, валюта нарығында Ұлттық Банк қысқа мерзімдегі 3-4 пайыз инфляцияның төмендеуіне қатысуға мәжбүр.
 
Ұлттық банктің есептеуінше, осы бағамнан соң спекулятивтік девальвациялық күтудің потенциалы азаяды. Кейіннен айырбас курсындағы өзгерістер бойынша валютаның күшеюі де, әлсіреуі де болуы мүмкін, бұл әлемдік экономикадағы жағдайға байланысты болмақ.
 
Ұлттық банк қазіргі валюталық операциялар режиміне ешқандай тосқауыл қоймақ емес. 2014 жылдың 11 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі айырбас пункттеріндегі шетел валютасын теңгеге сату-сатып алу бойынша мынадай дәлізді енгізеді: АҚШ долларына - 2 теңге, еуроға – 3 теңге.
 
Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
Доллар бағамының көтерілуі Кедендік одақ аясында жұмыс істейтін отандық өндірушілерге көптеген мүмкіндіктер бермек. Бұл өзгеріс белгілі деңгейде халықтың наразылығын тудырғанымен, Ұлттық банк үкіметпен бірлесе отыра инфляция деңгейін 2014 жылы 6-8 пайыз жиіліктен асырмайды. Яғни, біз азық-түлік бағасының жөн-жосықсыз қымбаттауына жол бермейміз.
 
Теңгенің жаңа айырбас бағамы әсіресе мұнай, металл, астық экспорттаушыларға тиімді. Себебі, сыртқа шығарылатын өнімнің көлемі артып, мемлекетке түсетін кірістің пайызы артады. Ал Ұлттық банк бекіткен бағамды ұстамаған банктер жауапқа тартылып, лицензияларынан қағылады.
 
Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
Жалпы, мұндай өзгерістер теңгенің айырбастау бағамының бәсекеге қабілеттілігін жақсартып, соған сәйкес, тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін жақсарту үшін жасалып отыр. Бұл біздің өндірушілерге Кедендік одақ аясында позицияларын жақсартуға мүмкіндік береді.
 
Жалпы, мұндай девальвация 2009 жылы болған. Ол кезде доллар 25 пайызға қымбаттап, оның құны 150 теңгеден асқан болатын. Ал бұл жолғы доллар бағамы 185 теңгеге дейінгі дәлізде болады. Дегенмен, азық-түлік және күнделікті пайданалылатын тауарлар мен қызмет түрлері қымбаттамайды. 
 
Ұлттық банк ақша-несие саясатын жүргізу барысында, экономиканың ағымдағы дамуына байланысты валюта нарығына қысқа мерзімдік теңге таралымын жалғастыра береді. Егер теңге тапшылығы пайда болса, онда Ұлттық банк арнайы экономикалық құралдар кепілдігімен ақша тарату операцияларын жүргізеді.
 
Әйгерім МУСИНА

Хабарламаларға жазылу