Парламент Сенатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті сенатор» төсбелгісі мен куәлігі табысталды. Тұңғыш Президентке осындай мәртебе беру туралы ұсынысты мамырдың соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жасаған. Депутаттар бастаманы бірауыздан қолдап, бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары палатаның отырысына тұңғыш рет «Құрметті сенатор» болып қатысты.
Сенат бюросы қабылдаған ережеге сәйкес Елбасыға «Құрметті сенатор» төсбелгісін табыстау Дариға Назарбаеваға бұйырды. Ел іргесін қалауға елеулі үлес қосқан Елбасы осындай құрметтің көрсетілгеніне ризашылығын білдіріп, тарихи маңызды сәттерде Парламенттің байсалды шешімдер қабылдағанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы:
Осы аласапыран 30 жылда көпшілігіңізбен бірге келе жатырмыз. Қуанышты да, қиыншылықта да бірге өткізіп, елмененен, жұртпен бірге қызмет істеп, еңбегіңзді сіңіріп келе жатырсыздар. Мен әдейі осындай екі палаталы парламент құрып, заңды сүзбеден өткізіп, өңірлердің ойын ескеру үшін жасадым. Бүгінгі істеп отырған шара маған «Құрметті сенатор» мәртебесін беру шешімін қабылдағандарыңыз үшін шын жүрегімнен ризашылығымды білдіремін.
«Құрметті сенатор» ретінде Нұрсұлтан Назарбаев енді кез-келген отырысқа қатыса алады.
Енді осы атақпен араларыңызға келіп тұрамын, керек болса, өз ойымды айтып тұрамын. Сіздермен ақылдасып тұрамыз.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Әрқашан Сенатқа келіп, бюро, комитет және палата отырыстарына қатысып, аса маңызды мәселелер бойынша өзіңіздің көзқарасыңызбен, көреген парасатты ой-пікірлеріңізбен бөлісе аласыз. Бұл мүмкіншілік – сенаторлар үшін үлкен мәртебе, сонымен қатар зор жауапкершілік жүктейді.
Осы мәртебені беру туралы бастаманы қолдаған сенаторлар маңызды заңдар қабылдап, қарымды қадамдар жасар кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжірибесінің септігі тиетініне сенімді.
Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Қазақстан әлемдік қауымдастық пікірінше, жаңа биіктікке көтерілді. Нұрсұлтан Әбішұлы, сіздің сіңірген еңбегіңіз ұшан-теңіз және талас тудырмайды. Оны әлем мойындады және Қазақстанға дүние жүзі құрметпен қарайды. Әрқайсысымыз үшін қоғамдағы тұрақтылық, ырғақты даму, ынтымақтастық пен бірлік ұлттық құндылыққа айналды.
Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Сіздің кешегі КСРО ыдыраған кезде тәуелсіздік алған ел ертеңінің қандай боларына көз жеткізе алмай, үміт пен үрей арпалысқан аса қиын кезде билік тізгінін қолға алып, жасқанбай кірген Ақордадан қадірлі ұлт ұстазы, абыз болып шығып, билік тізгінін өз қалауыңызбен берген кемеңгерлігіңізді ерекше атап өткіміз келеді.
Үнемі тұрақтылықты ту етіп, ұлтты ұйыстыруды көздеген Елбасы осы бағыттың маңыздылығын тағы бір атап өтті. Ал осы күнге дейін қол жеткізген жетістікті еселеу үшін ұтымды жобалар, әділ, сапалы заңдар қажет.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы:
Біз Қазақстан алпауыт елдер алдында немізбен дәрежемізді көтереміз? Тек қана парасатпен, ақылмененен, дұрыс сөзбен, дұрыс қарым-қатынаспен. Енді міне алтыншы шақырылымдағы төртінші сессия аяқталғалы тұр. Бұл сессияның өзінде өте маңызды заңдар қабылдадыңдар. Тиісті жобаларды жан-жақты қарап, сапалы заң шығару – сіздерге сеніп тапсырылған миссия. Сіздер әр өңірден сайландыңыздар. Әр өңірдің жағдайын осы жерге алып келіп отырсыздар.
Нұрсұлтан Назарбаев аумалы-төкпелі заманда экономиканы нығайтып, халықтың әл-ауқатын көтере тұра, алпауыт елдермен достық қарым-қатынасты сақтап қалу оңай болмағанын айтты. Осындай сан қилы сынақты мойымай бірге өткеріп, сенім артқан еліне Елбасының алғысы мол.
Осы айдың 20-шы жұлдызында менің Елбасы болып келуіме 30 жыл толайын деп отыр. Бұл да бір тарихи мәселе деп санаймын. Белес үлкен.
Альбина ӘШІМ