Қауымдастық мүшелері оралмандармен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қауымдастық мүшелері оралмандармен кездесті

03.11.2015
Қауымдастық мүшелері оралмандармен кездесті
Қауымдастық мүшелері оралмандармен кездесті
ҚР Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы Ақтөбе облыстық филиалының мүшелері ауыл-ауылды аралап, оралмандармен кездесу өткізді. Бірнеше ауданға аялдап, ағайындардың өтініш-арызын тыңдап, оларды шешудің жолдарын іздестірді. Бұл туралы Қазақ радиосының Ақтөбедегі тілшісі Мейрамгүл Рахатқызы хабарлады.

Хромтау ауданындағы 2011 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша бой көтерген Көктау ауылы 300 отбасына арналған. Сол жылдары ауылға сырттан келген 92 шаңырақ қоныс тойын тойлады. 2000 жылдары көшіп келген 20-ға жуық оралман отбасына да осы ауылдан пәтер бұйырған.

Ал 300 үйдің қалғаны кезекте тұрған жергілікті тұрғындарға берілген. Бүгінде көштің соңын ала келген 10 -ға жуық оралман отбасы баспана кезегін күтіп отыр. Тұрғындар кездесу барысында жұмысқа орналасу, баспана алу мәселелерін сөз етті. «Қазақия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Базарбай Иманов енді Ақтөбеге келетін көш үзіліп қала ма деген күдігін айтады.

Өйткені, 2014 жылы тізімін үкімет белгілеген оралмандар қоныстанатын жеті облыстың қатарына Ақтөбе кірмей қалған. «Елбасы 4 қаланы миллиондар қаласы болады деп белгілеген болатын. Соның бірі — Ақтөбе. Облыс халқының санын оралмандармен толықтырмасақ, қалайша миллионға жеткіземіз. Сондықтан, бұл мәселені ескеру керек. Ақтөбені миллионер қала қылу үшін ата жұртқа оралып жатқан ағайындардың бір бөлігі біздің облысқа келулері керек», — дейді Базарбай Иманов. Бірлестік төрағасы бұл мәселені облыс әкімі алдында көтермек.

Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу