Ақтөбелік Өтегеновтер отбасы шекшек ата төлін өсіруді қолға алып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік Өтегеновтер отбасы шекшек ата төлін өсіруді қолға алып отыр

25.04.2015
Ақтөбелік Өтегеновтер отбасы шекшек ата төлін өсіруді қолға алып отыр

Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданының, Желтау өңірінде Өтегеновтер отбасын білмейтіндер кемде-кем. Бұл әулет екі жыл бұрын шекшек ата төлін өсіруді қолға алған. Қазір отбасылық кәсіптің тасы өрге домалап ешкі саны 100-ге жуықтады. Шаруашылық иесі Абат Өтегенов балаларымен бірге швейцариялық ешкі тұқымын бағудың қыр-сырын жетік меңгеріп алды.

Өтегеновтер қазір 17 ешкі сауып отыр. Бұлар бірінші төлдегендіктен болашақта сүтті көп беруі үшін күніне төрт рет қолмен сауылады. Сауылатын арнайы орынға ешкілердің өздері келіп тұрады. Олардың әрқайсысы күніне екі, екі жарым литр сүт береді. Шаруашылық иесі бір жылдан соң бұл ешкілердің әрқайсысынан 5 литрге дейін сүт сауылатынын айтады.

Өтегеновтер емдік қуаты мол сүтті Ақтөбе қаласындағы сауда орындары арқылы халыққа ұсынып келеді. Болашақта мемлекет қолдауына сүйене отырып, сауын ешкі санын 100-ден асырмақшы.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу