Ғани Дүйшенов: Қазақстан – әлеуметтік тұрақтылық пен этностар арасындағы келісім сақталған ел (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғани Дүйшенов: Қазақстан – әлеуметтік тұрақтылық пен этностар арасындағы келісім сақталған ел (толығырақ)

20.02.2015
Ғани Дүйшенов: Қазақстан – әлеуметтік тұрақтылық пен этностар арасындағы келісім сақталған ел (толығырақ)

Қызылорда жұртшылығы Президент сайлауын өткізуді барлығымыз қолдауымыз қажет дейді.

Тұрғындардың көбісі сайлау – мемлекетіміздің қазіргі жетістіктерін саралап, алда атқарылар жұмыстарды нақтылап алуға да оңды әсер ететініне сенімді.              

Сәдірбек Жұмабеков, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Сайлаудың өтуі алдағы жоспарлардың нақтылануына, мақсатқа оңай жетуге ықпалын тигізеді. Біз, Сыр жастары, еңбекші жастар бұл ұсынысты толыққанды қолдаймыз. Барлық қазақстандық жастарды осы ұсынысты қолдауға шақырамыз.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы ел экономикасының берік болып, халықтың әл-ауқатының жақсаруы үшін жасалған алғышарт.

Осы бастаманы қолдау арқылы, біз еліміздің дамып, сол арқылы өзіміздің болашағымыздың жарқын болуына  жағдай жасаймыз.

Нұргүл Сейімова, қала тұрғыны: 

Газеттерден, әлеуметтік желілерден ел ағаларының пікірлерімен танысып көрдік. Өзіміздің болашағымыз үшін, келешек өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз үшін ең бастысы, оң шешім сияқты менің пікірімше. Қала тұрғындарының барлығы қолдайды. Еліміздің экономикалық өсуіне зор ықпалын тигізеді.

Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы да, елімізде президент сайлауын өткізу туралы бастаманы толық қолдайтындықтарын жеткізді. Қауымдастық президенті Раушан Сәрсембаеваның айтуынша әлемдік экономикалық дағдарыс белең алып келе жатқанда, жағдайдың алдын алу үшін, сайлаудың алар орны бөлек.

Қазақстан жастар конгресінің мүшелері де Президент сайлауын өткізу туралы бастаманы қолдайды. Қазақстан – әлеуметтік тұрақтылық, этностар арасындағы бейбітшілік пен конфессияаралық келісім сақталған ел.

Азаматтардың әл-ауқаты күннен күнге жақсарып келеді, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірлерде де экономикалық өсім байқалады. Сайлау – уақытында көтерілген идея. 

Ғани Дүйшенов, «Қазақстан жастар конгресінің» атқарушы директоры:

Сайлау өткізу – қоғамда тұрақтылық пен бірлікті сақтайды. Бұл алға қойылған міндеттерді тиімді іске асыруға, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға болатын маңызды қадам. «Қазақстан жастар конгресі» еліміздің тұрақты дамуы мен өркендеуіне бағытталған бастамаларды қолдауға дайын. 

Оңтүстік тұрғындары да Ассамблея ұсынысын құптайды. Досыбай Шерімқұловтың айтуынша, жаһандағы геосаяси және экономикалық жағдай өз ауыртпалығын тигізбей қалмасы анық. Осындай жәйттарды ескеріп, сайлауды ертерек өткізген жөн, дейді ол.

Досыбай Шерімқұлов, Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы:

Ынтымағы жарасқан елміз. Осыны әрі қарай жалғастыру үшін алдымызға қойған экономикалық дағдарыстан шығу жөнінде «Нұрлы жол» бағдарламасын орындау үшін, көптеген алда тұрған міндеттерді шешу үшін осы қадамға бару орынды және дер кезінде көтеріліп жатқан мәселе.

Көкшелік тұрғындар да игі бастаманы құптайды. Тарихшы Мұрат Ыдырысов: биыл Президенттік сайлау өткізу еліміздің болашағы мен халқымыздың қамы үшін жасалатын бастама екенін айтады. 

Мұрат Ыдырысов, қала тұрғыны:

Біздің қазіргі сыртқы жағдайымыз да, халықтың да, еліміздің де жағдайы жақсы. Сонымен қатар, біздің халқымыз тыныштықта, ел тынышықта, халқымыз бір арнаға түскен. Ынтымақты, бірлікті қалайды, бейбітшілікті қалайды.

Сондықтанда осы уақытта Президент сайлауын өткізіп алғанымыз дұрыс. Өзіміздің тілегімізді, өзіміздің құқығымызды орындай отырып, қорғай отырып осы сайлауға атсалысуымыз керек. 

Теріскейліктердің қалауы – елдегі тұрақтылық пен татулық. Жаһанды жайлаған дағдарыс пен толқулардың дүмпуін сезінбей, экономикалық ахуал жақсарған үстіне жақсарса деп тілейді. Сондықтан Президент сайлауын биыл өткізу дер кезінде түскен ұсыныс деп біледі.

Ассамблея ұлт пен ұлыстарды біріктірген ұйым, олардың ұсынысы барша халықтың көкейінде жүрген мәселе. Біздің бірлігіміз бекем болуы керек. Сонда ғана қиындықтарға қарсы тұрып, қысылтаяң кезеңнен сүрінбей шығамыз, дейді жұртшылық.

 

Айбар ТӨЛЖАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу