Жол жүру ережесін елорда қонақтары елей ме? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жол жүру ережесін елорда қонақтары елей ме?

06.10.2014
Жол жүру ережесін елорда қонақтары елей ме?

Соңғы кездері елорда қонақтары жол жүру ережесіне бағынбайды дегенді жиі естиміз. Шетелдіктер мен өзге облыстардан уақытша келген көлік жүргізушілері камералар мен жылдамдық өлшегіш фото-құрылғыларға қалағанынша түсіп, пысқырмайтынға ұқсайды. Сонда фотоаппараттар белгілеген айыппұлдар қай мекен-жайға кетіп жатыр?

Астанадағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында көлікке қатысты барлық құжаттамалар толтырылады. Сату болсын, есептен шығару дейсіз бе, өзге адамның атына аудару керек дегендей. Көлік салығын да осында төлейсіз. Бірақ кез-келген операция орындалмас бұрын, сізді алдымен арнайы қызметкерге жібереді. Ол сіздің жол ережесін бұзғаныңыз немесе бұзбағаныңызды анықтайды.

Рұқсат етілген жылдамдықтан 10-20 км/сағ мөлшерінде асып кетсеңіз - 9260 теңге, 20-40 км/сағ артық болса - 18520 теңге, ал 40 км/сағ жылдамдықтан да көп асырып жіберсеңіз - 27780 теңге. Ал, егер осы аталғандар бір жыл ішінде қайталанса, сәйкесінше, 18 000, 27 000, 55 000, 74 000 болып өсе береді.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Астана қаласының осы фотоаппараттары мен бейнекамералары былтыр 46 741 жол ережесінің бұзылуын тіркеген. Сәйкесінше жүргізушілерден 411 325 045 теңге айыппұл өндірілді.

Ғалым КӘЛМЕН 

Хабарламаларға жазылу