Қызылордалық Насырбек Аппазаев ұлттық аяқ киімдер тігуді қолға алмақшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық Насырбек Аппазаев ұлттық аяқ киімдер тігуді қолға алмақшы

23.07.2014
Қызылордалық Насырбек Аппазаев ұлттық аяқ киімдер тігуді қолға алмақшы

Елімізде де қоғамдық өмірге белсене атсалысып, мемлекеттің дамуына үлестерін қосып жүрген мүгедек жандар аз емес.

Тағдыр тауқыметін арқалай жүрсе де, өзгелермен терезесі тең дәрежеде өмір сүруге талпынған азаматтар әлеуметтік кедергілерді жеңіп, өз кәсібін дөңгелетуде.

Қызылордалық Насырбек Аппазаев 14 жасында жол апатына ұшырап, қос аяғы жараланды. Емін-еркін жүруден қалды, мүгедек  атанды.

Жігерлі жан бұл қиындыққа мойымады. Етікшілік кәсіпті меңгерді. Бүгінде оның ісмерлігіне жерлестері тәнті. Өмірлік жарын тауып, отбасын құрды. Жуырда мемлекет қолдауын пайдаланып, шағын шеберхана ашты.

Насырбек Аппазаев, етікші:  

Бұл өзімнің қолымнан келген жұмысым. Басқа жұмысқа жарамаймыз. Бұл  - өнердің бір түрі. Енді осы шеберхананы кеңейтсем, деймін. Қасыма адамдар алып, ұлттық аяқ-киім, мәсі тіксек деймін.

Ал, Қостанайда жергілікті билік мүмкіндігі шектеулі жандарға 5 би арбасын тарту етті. Бұған дейін спортшылар кәдімгі қол арбамен өнер көрсетіп жүрген. Енді олар биге арналған арбамен көрерменді тағқалдырмақ.

Елімізде спорттың бұл түрін алғаш «Үміт» қоғамдық қоры осыдан 5 жыл бұрын ұйымдастырған. Содан бері екі рет республикалық чемпионат өтті. Бишілер өзге елдерде болған жарыстарға да қатысып, жүлделі орындар иеленді.

Аруна Жақсығұлова, «Үміт» қоғамдық қорының төрайымы:  

Олар өте жеңіл. Сахнаға шыққанда бұл арбалар бишілер қалай қозғалса да, ыңғайлы. Биді өте көркем етіп көрсетеді.

Шығармашылық пен қоғамдық сауықтыру мүгедектерге күш-қуат беріп, рухани байытады. Ал, өнер әлеміндегі мүмкіндігі шектеулі жандар өз таланттарын әлемге паш ете алады.

 

Ләззат БЕКТАС

 

Хабарламаларға жазылу