Алматы облысы: «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысы: «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылды

22.07.2014
Алматы облысы: «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылды

Бүгінде мемлекет тарапынан кәсібімді ашып, еңбек етемін деген азаматтарға барлық жағдай жасалып жатыр.

Мәселен, Алматы облысында «Жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы жүздеген адам жұмысқа орналасты, кәсібін ашты.

 «Өзгенің өнімін таңсық еткенше, өз өніміңді артық ет». Бұл сөз Туғанбай Қызырханұлының өмірлік ұранына айналды. Ол былтыр мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен 3 миллион теңге несие алды, жылыжай салды. Енді шаруасы өрге домалауда.

Туғанбай Қызырханұлы, кәсіпкер:

Несиені 1 айдың ішінде алдым. Өте үлкен көмек. Қазір жұмысымыз жақсы. Алдағы уақытта мемлекет тағы көмек көрсетсе, жылыжайды кеңейтемін.

Жылыжайда 10-нан астам адам жұмыс істейді, барлығы да - жерлігікті тұрғындар. Кешеннің жалпы аумағы - 100 шаршы шақырым.

Индира Бегайдар, тілші:

Мұнда дәмді әрі экологиялық таза қияр өсіріледі. Мамандардың айтуынша, жылыжайдың пайдасы орасан. Мәселен, айына бұл жерден шаруалар 5 тоннаға дейін өнім алады.

Жалпы, Алматы облысында осындай кәсіпкерлікпен айналысып, нәпақамды табамын, деген азаматтарға барлық мүмкіндік жасалған.

Тек былтырдың өзінде 1миллиард 660 миллион теңге берілсе, келесі жылы 3 миллиард 450 миллон теңгеге дейін жетеді, деп көзделуде.

Қаныбек Айтжанов, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

«Жұмыспен қамту» бағдарламасының аясында биыл 860 адамға несие беріледі, деп жоспарланған. Оны биыл бердік. Жалпы, бұл несие нысаналы топтарға арналған.

Дәл осы бағдарламаның шапағатын көрген азаматтардың саны көп.

Айта кетейік, Алматы облысында «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

Алдағы уақытта оның саны артатын болады. Ал, кәсіпкер Туғанбай Қызырханұлы тағы бір жылыжай салуға кірісіп кетті. Себебі, мемлекет тарапынан қолдау орасан. 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу