Алматы облысындағы өзен-көлдерге демалуға келген 31 адам суға кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы өзен-көлдерге демалуға келген 31 адам суға кетті

16.07.2014
Алматы облысындағы өзен-көлдерге демалуға келген  31 адам суға кетті

2013 жылы Алматы облысындағы өзен-көлдерде демалуға келген  61 адам  суға кетті. Ал, биыл шомылу маусымы басталғалы олардың саны 31-ге жетті.

Қатты ыстықта демалушылар рұқсат етілмеген жерде суға түсуге әуес және демалу кезінде спирттік ішімдік ішуді әдетке айналдырған. Соңы қайғылы жағдайға ұласады.

 Қуаныш Қанатұлы, тілші:

  Балқаш көліндегі жағажайдың бір шетінен екінші шетіне дейінгі қашықтығы -  23 шақырым. Осы аумақты 9 құтқарушы күніне 4-5 рет жүзіп өтеді. Олардың айтуына қарағанда, бұл жерде бір маусымда 250 мыңнан 300 мың адамға дейін демалып қайтады.

Құтқарушының басты  екі міндеті бар. Біріншісі -  суға кеткен адамды құтқару. Ал, екіншісі - қауіпті жағдайдың алдын алу.

Ол үшін олар жағажайларды аралап жүріп, ескертулер айтады. Сондай-ақ, демалушылардың қолына ескертпе парақшаларын таратады.

Рұқсат етілген жерде жағдай қалыпты. Заң бұзу көбінде шомылуға тыйым салынған жерлерде болады.

Талғат Ахметханов, Сарқан суда құтқару станциясының басшысы:                                                                           Біреулер заңбұзушылық, дөрекілік, бұзақылық көрсетіп жатса, біз  араласпаймыз.  Ішкі істер қызметкерлеріне хабарлаймыз. Олармен  жұмыс жүргізіледі.

Көл жағасына демалушылар жан-жақтан келеді. 23 шақырым жағажай бойында ірілі- ұсақты 20-ға жуық демалыс аймағы бар.

«Ішкі инфрақұрылымды дамытса туризм өзі-ақ түрленеді»,- дейді тынығушылар.

Арлан Нұрғазиев, Алматы қаласының тұрғыны:

Басқа елге барғанша, халықтың келіп демалып жүргені дұрыс. Бірақ, жарық жоқ. Жарық, су тартып берсе Балқаштың жағасына келетіндер саны Түркия, БАӘ кем болмайды.

Балқаш көліндегі жағажайды дамытудың бас жоспары дайын. Ол жоба жүзеге асса, құтқарушылардың қарбаласы да арта түспек.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу