Мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамда қолдау бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамда қолдау бар

09.07.2014
Мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамда қолдау бар

Елімізде 600 мыңнан астам мүгедек жан бар. Оның 80 пайызы жұмысқа жарамды. Елбасы биылғы Жолдауында дәл осы мүгедек жандарды жұмысқа қабылдау мәселесіне ерекше мән берді.

Кембағал жандардың қоғаммен араласуын қамтамасыз ету үшін Үкімет арнайы бағдарлама қабылдап, қазір ол оң шешімін таба бастады. Мәселен, бір ғана Қарағанды облысында осы кезге дейін 10 мыңнан астам мүгедек жан жұмысқа қабылданған.

Бірінші топтағы мүгедек Дәмегүл Қаужапарова кардио-хирургиялық орталықтың шаруашылық бөлімінде жұмыс істейді. 30 жасында көз жанарынан айырылған оған жұмысқа тұру мүмкіндігі елес қана болатын. Алайда, биылғы жылдың сәуір айында бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып, медициналық мекемеден шақырту алған.

Дәмегүл Қаужапарова,  I топтағы мүгедек:

Бұдан бұрын 94-ші жылдан бастап жұмыс іздеп таба алмағанмын. Өйткені, мүгедек болған соң, ешқайда жұмысқа алмады. Президентімізге рахмет айтамын. Мына жерде маған лайықты екен. Өйткені, менің істейтін жұмысым өзімнің қолымнан келеді.

Тумысынан мүгедек 22 жастағы Азат - компьютер маманы. Өз ойын ауызша айта алмаса да, жазбаша түрде сауатты жеткізеді. Облыстық Балалар құқықтарын қорғау басқармасында қызмет еткелі бойындағы өзіне деген сенімділік арта түсіпті.

Оразбибі Ходжаева, анасы:

Мен ауырамын, деп жатқан жоқ. Шамасы келсе, жұмыс істегісі келеді. Талпынады.

Қарағанды облысында 63 мыңнан астам мүгедек бар. Оның 4 мыңы -бала. Бүгінге дейін осы санаттағы 10 мың азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Оларға көрсетілетін әлеуметтік төлемдер мен тұрмыстық көмектер өз алдына. Мамандар кембағал жандарды барынша қоғамнан ажыратпауға тырысады. 

Александр Ивкин,  «Лайықты өмір» оңалту орталығының төрағасы:

Дегенмен, жақсы жағына қарай даму үрдісі бар. Мәселен, биыл екінші, үшінші топтағы 300 мүмкіндігі шектеулі жан жоғары оқу орындарына түсті. Бұрын-соңды мұндай көрсеткіш болған жоқ. Оқыған адам жұмыссыз қалмайды ғой. Ертең отбасын да қиналмай асырайды.

Қарағанды республика бойынша инватакси қызметі жетілдірілген бірден-бір аймақ.  Көліктер саны 30-дан асады. Ал ерекше күтімді қажет ететін жандарға ыңғайлы баспалдақтар тек 4-5 жерде ғана бар. Мамандар алдағы уақытта арнайы көліктер мен пандус мәселесін түгелдей шешпек.  

Болат АМАНБАЕВ

Жазира ӘБІЛ

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ      

Хабарламаларға жазылу