Жамбыл облысында студенттік құрылыс жасақтары жұмысқа кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында студенттік құрылыс жасақтары жұмысқа кірісті

27.06.2014
Жамбыл облысында студенттік құрылыс жасақтары жұмысқа кірісті

«Еңбегіміз ел үшін». Осындай бастама көтерген Жамбыл облысында 500-ге тарта студент өңірде салынып жатқан мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік нысандардың құрылысына қолғабыс жасап жатыр.

 
Енді олар жаз бойы елдің игілігі үшін еңбек етеді. Әрі тәп- тәуір табыс та табады. Студенттік құрылыс жасақтарын жұмыспен қамту үшін 18 ірі құрылыс компаниясымен келісім жасалды. 
 
Құрманғазы - болашақ құрылыс маманы. Биыл ІІ курсты тәмамдады. Бауыржан Момышұлы ауылында жаңадан салынып жатқан мектептің құрылысында оның да үлесі бар.
 
Жоба бойынша осы күзде білім ұясында алғашқы қоңырау соғылуы керек. Сондықтан, Құрманғазы өз тобындағы қатарларымен құрылысты жылдам әрі сапалы аяқтауға бар күш-жігерін салып жатыр.
 
Құрманғазы Ізқуатов, студенттік құрылыс жасағаның мүшесі:
Бір жағынан тәжірибе болып жатыр. Кафель төсеп, тағы басқа сыртқы-ішкі жұмыстарды істеп жатырмыз. Басшылар бізге көрсетіп, үйретіп жатыр.
 
Жұмыс істеуге тілек білдіріп, бастама көтерген жастардың дені - Құрманғазы сияқты құрылысшы мамандығына оқып жатқандар. 
 
Олар жаңа оқу жылы басталғанша келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Құрылыс компаниялары студенттерге еңбегіне қарай кемі 45-50 мың теңге айлық төлейді. Жастар жұмыстан кейінгі бос уақытын да көңілді өткізіп жатыр.
 
Жәнібек Мырзалиев, Жуалы ауданы жастар орталығы директорының орынбасары:
Өткен аптада студенттермен волейбол өткіздік.
 
Студент жастар сондай-ақ, көктемнен бері облыс орталығы мен ауыл-аймақты абаттандыру ісіне де белсенді араласып келеді.
 
«Жасыл ел» топтарына биология, география мен ауыл шаруашылығы мамандығын таңдаған жастар жиналған.
 
Гүлмарал Еркінбек, «Жасыл ел» жасағының мүшесі:
Тараз - бүгінгі таңда ең таза қалалардың бірі. Оның әрі қарай да әсем болуын қалаймыз. Сондықтан, саябақта өсіп кеткен  шөптерді жұлып, тазартып жатырмыз.
 
Табиғатқа жанашырлық танытқан 1000-ға тарта студент күзге дейін демалыс орындарын, саябақтарды тазартып, көгалдандыру ісімен айналысады. 
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу