«Ақжайық» қорығы ЮНЕСКО қамқорлығына алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ақжайық» қорығы ЮНЕСКО қамқорлығына алынды

23.06.2014
«Ақжайық» қорығы ЮНЕСКО қамқорлығына алынды
ЮНЕСКО ұйымының «Адам және биосфера» бағдарламасының Халықаралық үйлестіру комитетінің 26-сессиясының шешімімен қазақстандық 2 табиғи резерват халықаралық қамқорлыққа алынып, оларға «ЮНЕСКО» биосфералық резерваты» мәртебесі берілді. Солардың бірі - Атырау облысындағы «Ақжайық» қорығы.
 
111 мың гектар алқапты алып жатқан «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында Каспий теңізіндегі аралдар мен Жайықтың теңізге құяр сағасы ерекше қорғауға алынған.
 
Жіті бақылаудың арқасында қазір бұл аймақтағы құстар мен жан-жануарлардың саны едәуір өсті. Жылы мекенді аңсап келген жыл құстарының 292 түрі осы қорықты паналайды. Олардың 36-сы әлемдік Қызыл кітапқа енгізілген.
 
Александр Ивасенко, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының бөлім басшысы:
«Ақжайық» резерваты аумағымен жыл құстарының Сібір-Шығыс Африка ұшу жолы өтеді. Сұрша қаз, қызыл қоқиқаз, Египет көкқұтаны секілді сирек кездесетін құс түрлері осында қанат суытып, жылы жаққа аттанады. Каспий итбалығының өмір сүру ортасы, жойылып бара жатқан ихтиофаунаның бекіре, лосось, жыланбалық, ақбалық сияқты түрлерінің тіршілігіне бірден-бір қолайлы өңірге халықаралық мәртебе берілуі зор септігін тигізеді.
 
4 күзет орнына бөлінген ерекше бақыланатын аумақта инспекторлар рейдтік шараларды жүйелі түрде өткізіп отырады. Осының арқасында браконьерлер қатары күрт азайған. Десек те, өлкенің табиғатына қасақана қол сұғушылар әлі де кездесетін көрінеді.
 
Әлімғали Дауылбаев, Күзет бөлімі директорының орынбасары:
42 әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданды. Оның ішінде 797 келі қара балық тұқымдас балық тәркіленіп, 50 заңсыз құрылған ау құралы шығарылды. Қазір аңның, құстың көбеюі көбірек байқалады.  
 
Резерват қызметкерлері аумақты бақылаумен қатар, туристік бағыттағы қызмет түрін де жандандыра бастады. Қазір, ол үшін құжаттар заңдастырылып жатыр. Сондықтан, аз уақыттан кейін жаяу және атты туризмге қоса, су мен автокөлік туризмінің кейбір бағыттары шетелдік туристерді де қабылдайтын болады.
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу