Балалар жазғы демалысты көңілді өткізуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балалар жазғы демалысты көңілді өткізуде

21.06.2014
Балалар жазғы демалысты көңілді өткізуде
Алматы облысында 3687 жетім бала бар. Оның 656-ы балалар үйінде тәрбиеленеді. Осы балалардың барлығы жылда жаз маусымын демалыс лагерлерінде өткізеді.
 
Бұл үрдіс биыл да жалғасын тапты. Алматыдағы №1 балалар үйінің 80 тәрбиеленушісі қазір Бағанашылдағы саяжайда демалуда. Әр күн, әр сәтті тиімді өткізуге әдеттенген балалар, денсаулық күніне арнап «Денсаулық - зор байлық» атты іс-шара ұйымдастырды.
 
Бірі - тұл, бірі - тірі жетім бұл балалар салауатты өмір салтын қолдайды. Сондықтан, шара аясында ересек жасөспірімдер, жаман әдеттен аулақ болуға үндейтін көріністер қойса, кішілері ән айтып, би биледі.
 
Самат Андреев, №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі:
Біз бұл жерде үлкендердің қателескендігінен жүрміз. Арақ ішуге болмайды. Біз бала жастан темекіден, есірткіден аулақ жүрсек, болашағымыз жарқын әрі қуанышты болады.
 
80 бала мұнда тамыздың соңына дейін демалады. Лагерь кестесіне сай, бір уақыт кітапқа үңілсе, домбыра тартып, тамаша табиғатта сурет салып, кесте тігеді. Бала қиялмен қолөнер бұйымдарын жасап, спорттық билерге қатысады. Ойын ойнап, спорттық турнирлерде жарысады.
 
Жаңыл Сүлейменова, Алматы облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
Облыс бойынша бізде 35 қала сыртындағы лагеріміз бар. Оның ішінде 25-і жекеменшік, экологиялық, мектеп жанындағы лагерлер. Ол жерде 2 мезгіл тамақ беріледі. Осыған облыс бойынша 232 миллион теңге бөлініп отыр.
 
Жетім көрсе - жебей жүруді ұстанған облыс басшылығы жаз шыға 30 баланы республикалық «Балдәурен» сауықтыру орталығында демалтып қайтқан. Қазір Үштөбе қаласындағы балалар үйінің 80 ұл-қызы Қапал-Арасандағы шипажайда демалуда. 9 бала Прага қаласына саяхаттаса, 23 балдырған жаз маусымын Алматы маңындағы лагерлерде өткізуде.
 
Жазира ИСАЕВА
 

Хабарламаларға жазылу