Елордада жаңарту жұмысы жалғасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада жаңарту жұмысы жалғасады

10.06.2014
Елордада жаңарту жұмысы жалғасады
Биыл қала күнін елордалықтар ерекше жаңартылған демалыс орындарында қарсы алмақ. Дәл қазір қаладағы бірнеше саябақ пен алаңда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
 
Алайда, мұндай құрылыс жұмысының жүргізілуіне түсінбестік танытып жатқан тұрғындар да бар. Өйткені, құрылыс онсыз да ұзаққа созылмайтын жаз мезгілінде жүргізілуі еркін демалуымызға кедергі келтіруде дейді.
 
Халық пікірі:
Топырақ пен шаңның ортасында жүріп жүріп, қайтып жатырмыз, демалып отыратын жер де жоқ.
 
«Бәйтерек» жаққа да бардым. Бәйтерек жақта да осындай жұмыстар болып жатыр екен.
 
Ешқандай жоқ қызық. Аттаркцион істемейді.
 
Көңіл көтеретін жердің болмай тұрғаны өкінішті.
 
30 гектар жерді алып жатқан астаналық саябақтағы құрылыс осыдан екі жыл бұрын басталған. Тұрғындардың демалуына кедергі келтірмес үшін қала әкімдігіндегілер жөндеу жұмысының үш кезеңмен жүргізілетінін айтқан еді. Бірақ, биыл саябақтың есігі келушілерге тарс жабық.
 
Құрылыстың қашан аяқталатынын, саябақ қай күні ашыларын білмек болып, жауапты басқармаға хабарластық. Неге екені белгісіз, ондағылар бізбен бетпе-бет кездесуге ниет танытпады. Сұхбатты тек, телефон арқылы берді.
 
Нұрлан Солтамбеков, Астана қаласы Коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:
Қалалық саябақтағы жөндеу жұмысын 30-шы маусымда толық аяқтаймыз. 300-ден астам адам күшейтілген режиммен жұмыс істеп жатыр. Қажет болса, тағы да жұмыс күшін тартамыз. Қазір бас аллея мен жүргіншілер жолының құрылысы аяқталды. Ойын алаңына тағы 5 атракцион орнатылады. Бірақ, олар тек келесі жылы пайдалануға беріледі. Өйткені, оны дайындауға 8 айдай уақыт қажет.
 
Сол жағалаудағы «Бәйтеректің» маңы мен сулы-жасыл желекжолда да осындай көрініс. Құрылыс қайнап жатыр. Мұндағы жауапты мекеме де жұмысты қала күніне дейін аяқтауды көздеп отыр. Таңның атысынан күннің батысына дейін мұнда 500-ден астам жұмысшы бел жазбай еңбек етуде.
 
Сақыпзада Әлкенұлы, «Аис Астана» ЖШС бас инженері:
Сәуір айында басталды. Осы айдың 15-20-на қарай жұмыс толығымен бітеді. 20-на кейін тазарту жұмыстары басталады орындықтар қойыла бастайды. Қала күніне орай толық аяқталады. Біз қоршауды ашамыз. Елдің жүруіне барлық жағдайды жасаймыз.
 
Шынар Асанқызы, тілші:
Мамандардың айтуынша, мұнда пайдаланылған құрылыс материалдары бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда сапалы. Мәселен, бұрынғы цемент плиталар әлсіз келетін. Ал, қалыңдығы мынадай гранит плиталар қыста қар тазалайтын көліктердің қозғалысына төзімді келеді екен.
 
Халық көп жүретін орындарда дизайндық жағынан да біраз өзгеріс бар. Ал, бұл тұрғындардың көңілінен шығып отыр.
 
Әйгерім Жұпарбаева, қала тұрғыны:
Жасалып жатқан ою-өрнектері сәнін келтіріп тұр. Бұрын-соңды болмаған.
 
Бұдан бөлек, пандустар да салынған. «Бәйтерек» пен «Көрме» орталығына дейінгі аралықтағы жұмыс қала күніне дейін аяқталса, «ҚазМұнайГаз» ғимараты маңындағы құрылыс күзге дейін жалғаспақ.
 
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу