Шіркей қаптап, жұртты «таптап» барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шіркей қаптап, жұртты «таптап» барады

07.06.2014
Шіркей қаптап, жұртты «таптап» барады
Оңтүстікте шіркей қаптап кетті. Дария жағасында орналасқан Отырар, Шардара аудандары мен Арыс қаласының бірқатар елді мекен тұрғындары осындай жәндікке таланып жатыр. Зиянкестің көптігі соншалықты жұрт тіпті далаға шығудан қалған. Қас қарайғанша үйде қамалып отыруға көшіпті.
 
Отырар ауданына қарасты Сарыкөл ауылының тұрғындары күндіз көшеге шығудан қалды. Шыққан күннің өзінде бетін тұмшалап жүреді. Себебі көктем шыққалы қаптап кеткен шіркеи құлақ, мұрынға кіріп, денеңді шағып тастайды, дейді.
 
Орынбасар Досов, Сарыкөл ауылының тұрғыны:
Адамдардың біразы аллергия болып, қышынып, бетаузы ісіп кетіп, біразы шіркей жоқ жерге кетіп қалды. Бұған ешқандай шамамыз келмеді. Не істейміз?
 
Мұндай жәндіктен Отырар ауданының Аққұм, Ызакөл ауылының тұрғындары да зәрезап болған. Күн санап қаптап бара жатқан шіркейді құртуға қауқарымыз жетпейді, деп налиды.
 
Үміт Дәулетбай, Ызакөл ауылының тұрғыны:
Қаладан немерелерімді әкеле алмай отырмын. Денелерін қып-қызыл қылып бөрітіп жібереді. Өзімнің бетімнің жазылғанына екі-үш күн болды.
 
Шіркей шағып, емхана, ауруханаларға шағымданушылар күрт көбейген. Олардың көпшілігі балалар. Денесі бөріткендерге ем көрсетілсе, асқынған науқастар аудан орталығына жөнелтілуде.
 
Тойжан Наджимова, «Достық» ауылдық дәрігерлік емханасының балалар дәрігері:
Бетіне жара шығып, аллергия беріп жатқандар да бар. Оған өзіміз ем қолданып жатырмыз.
 
Өңірдің эпидемиологтары бұл жәндіктер соңғы үш жылда пайда болып тым көбейіп бара жатқанын айтады.
 
Боранбай Төлімбет, аудандық Тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Тиісті органдарға біз хат жаздық осы жөнінде. Бірақ атқарушы органдардан мұның алдын алу үшін қаражат бөлінген жоқ.
 
Мамандар шіркейлердің тек шілде шыққанда азая бастайтынын айтады. Сондықтан ауыл тұрғындарына шыдай тұрудан басқа амал жоқ.
 
Айнұр АҚБАЕВА
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Хабарламаларға жазылу