«Ауылына қарап - азаматын таны» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ауылына қарап - азаматын таны»

07.06.2014
«Ауылына қарап - азаматын таны»

Жамбыл облысындағы Қаракемер ауылы - тұрмысы жайлы, ажары мен сәулеті келіскен елді мекеннің бірі. Туған жерін түлетіп, ағайынның жағдайына қарасып жүрген ауыл азаматтары. Аурухана, балабақша, мәдениет ошағы, тас төселген тақтайдай тегіс көшелер. Осының барлығы туған жерден түлеп ұшқан қалталы азаматтардың қаржысына тұрғызылып, ел игілігіне берілген нысандар. Олардың қолдауымен Қаракемерде тағы бір әлеуметтік нысанның іргетасы қаланды. Енді ауыл балалары арнайы кешенде спортпен шұғылданып, салауатты да сергек ұрпақ болып өсіп жетілмек.

 
Жаңа спорт кешенінің құрылысы келер жылдың қарашасында аяқталады. Мұнда ауыл балаларының спорттың бокс және күрес түрімен кәсіби шұғылдануына барлық жағдай жасалатын болады. Сонымен қатар, футбол алаңы мен жүгіру жолақтары жасақталып, би үйірмесі жұмыс істейді.
 
Қайрат Молдасейітов, кәсіпкер:
Елбасы жылдағы Жолдауында айтып отырған бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, сонымен қатар бизнестің әлеуметтік саладағы жауапкершілігін арттыру, қолдау мақсатында салынып жатыр.
 
Бір кездері мұң-мұқтажы шаш етектен болған Қаракемерге бүгінде жұрт қызыға қарайтын болды. Ауылдан түлеп ұшқан қалталы азаматтардың арқасында 70 орынға лайықталған балабақша бой көтерді. Ал, тозығы жетіп, қирауға шақ қалған клуб бүгінде жаңаша келбетімен ауылдың сәулетіне сән қосып тұр. Мәдениет пен руһаниятты қайта түлеткен өнер ордасы. Сондай-ақ, аурухананы да өз қаржыларын жұмсап, жаңадан салған - ауыл азаматтары.
 
Мұрат Қибеков, Қаракемер ауылының тұрғыны:
Мұның барлығы Қаракемер ауылы азаматтарының өзінің еліне, туған жеріне деген құрметінің, еліне деген сүйіспеншілігінің, азаматтығының көрінісі.
 
Бұл бастама өзгелерге де үлгі болды. Төңіректегі өзге ауылдар да бүгінде мемлекетке алақан жаймай шамасы келгенінше кем кетігін өздері бүтіндей бастады.
 
Қайрат Досаев, Қордай ауданының әкімі:
 
Соңғы екі-үш жылда Қордай ауданында 3 балабақша салынды және үш шағын футбол алаңдары мен бір фитнес клуб салынып жатыр. Осының барлығы бюджеттен үнемделген қаржыны басқа салаларға салуға ықпал етіп жатыр.
 
«Ауылына қарап-азаматын таны». Ұшқан ұя, алтын бесігінің қадыр-қасиетін ұлықтаған осындай азаматтардың арқасында бүгінде ауылдың ажары таймай, береке бірлігін сақтап отырған жайы бар.
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
 
 

Хабарламаларға жазылу