Алматы шаһарының шекарасы кеңейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы шаһарының шекарасы кеңейді

25.04.2014
Алматы шаһарының шекарасы кеңейді
Осыдан бір жеті бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының шекарасын кеңейту туралы Жарлыққа қол қойды. Нәтижесінде Алматы облысына қарасты Іле, Қарасай, Талғар ауданынан 23 мың гектардан аса жер қалаға берілді.
 
Қазір 27 селолық елді мекендерде санақ басталып, мүлікті түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Кем-кетігі қаралып, соған сәйкес атқарылуы тиіс жұмыстар белгіленеді.
 
Алматыға келген туристің алғашқы назары Талғар ауданына қарасты «Колхозшыға» ауады. Себебі, дәл әуежай маңында орналасқан. Халқының саны 1700-ден асады. 10-нан аса ұлт пен ұлыстың ауызбіршілігі жарасқан ауыл.
 
Мұнда мемлекеттің есебінен салынған 100 орындық балабақша бар. Жарық бар, жылу жоқ. Тегіс жол 100 пайыз төселмеген. Инфрақұрылымның ақсап тұрған тұсы көп.
 
Әкімжан Тұрсынов, «Колхозшы» ауылының тұрғыны:
Жұмыс орны ашылса, ауылымыз дамитын болады.
 
Айгүл Ермахан, тілші:
«Колхозшы» ауылында 180 орындық мектеп мемлекет бюджетінен екі жыл бұрын салынуы тиіс болатын. Әйтсе де, құрылысы тоқтап тұр. Жергілікті билікте де нақты ақпарат жоқ. Енді қала статусын алғаннан кейін  мектеп пайдалануға берілуі мүмкін. Оған дейін ескі мектепке баруға мәжбүр.
 
Ал, Қарасай ауданына қарасты Ақсай ауылдық округінде мектеп бар. 8 жыл бұрын ашылған. Таза әрі ықшамды. Бірақ 550 балаға шақталған білім ордасында 1520 бала бүгінде үш ауысыммен оқиды. 9 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. 13036 тұрғыны бар ауылға құрқылтайдың ұясындай емхана қызмет көрсетеді.
 
Ескі медицина мекемесі шағын болғандықтан, үйге барып ем-дом көрсетуге тура келеді. Қуантатыны, ауыл 70 пайыз көгілдір отынмен қамтылған.
 
Жанат Исағұлов, Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары: 
Былтыр салық 23 миллиард теңге болса, биыл округ ішінде 5 миллиард 295 миллион теңге.  Бірақ,  біз сол инвестицияны қалған округтерге тартуымыз керек.
 
Қалаға өткен ауылдарда біз атап өткен мәселелер алдағы уақытта қалай шешімін табады?
 
Ғабит Садырбаев, Алматы қаласының бас сәулетшісі: 
Инвентаризация біткен соң сол елді мекендерге қажетті нысандардың бәрі салынатын болады, жолдар жөнделеді.
 
Қазір 1 миллион 700 тұрғыны бар қаланың саны тағы 100 мың халықпен толықты. Соған сәйкес, жуырда жаңа бес автобекет салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жеңіл рельсті көліктер іске қосылады. 
 
Бұл қадам қаладағы көлік кептелісін азайтып, тұрғындардың емін-еркін қатынауына жағдай жасайды. Сәтін салса, жаңа окургтер мына бірер жыл бұрын шаһарға қосылған Думан ықшам ауданы секілді қалаға реңк бермек.
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу