Әскери шеруге дайындық басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскери шеруге дайындық басталды

15.04.2014
Әскери шеруге дайындық басталды
Отанға қызмет - абыройлы міндет. 7 мамыр -  Отан қорғаушылар мерекесінде Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлік шеруі өтеді. Осыған орай  Астанадағы десанттық шабуылдаушы бригадасыда парадқа дайындық басталып кетті.
 
Индира Бегайдар,тілші:
Шеруге дайындық қызу жүргізілуде. Оған 2000 жуық сарбаз қатысады, оның 84 -і әйелдер.
 
«Отанымызды қорғау тек ер адамдарға ғана жүктелген міндет емес. Жүрегі жерім, елім деп соққан әрбір азаматтың борышы»,  - дейді Арайлым Әшірова. Ол Қапшағайдағы 58/012 әскери бөлімде жауынгерлік тапсырмаларды ерлермен қатар орындап жүрген қыздардың бірі. Мұндай үлкен шеруге қатысу әрбір сарбаз үшін асқақ абырой, мәртебелі мақтаныш екендігін айтады.
 
Арайлым Әшірова, сарбаз:
Өзімнің қалауыммен келгендіктен сүйікті қызметім саналады. Қызмет еткеніме 5 жыл болды. Біз Отанымыздың патриотымыз, елімізді абыроймен қорғаймыз.
 
Парадқа қатысушы жеке құрам еліміздің барлық гарнизондарынан іріктеліп алынған келбеті келіскен, қайраты толысқан жауынгерлерден жасақталған. Күніне алты сағат бойы дайындалады. Үш сағат түске дейін, үш сағат түстен кейін.
 
Айта кетейік, парадқа дайындық үшін қазір далалық лагерь құрылған. Онда 90-нан астам шатыр бар, ішінде әскери қызметшілер орналасқан. Сондай-ақ парадқа 224 бірлік техника жұмылдырылмақ.
 
Мұрат Майкеев, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы:
Биылғы парадтың ерекшелігі - біз модернизацияланған БТР-лар мен танкілерді көрсетеміз. Біз 7 мамырға толық дайын боламыз.
 
Мамандардың айтуынша, биылғы шеру өзгеше болады. Оған Арайлым Әшірова сынды қаймықпас, қайсар жауынгерлер бар күш жігерін салмақ.
 
 
Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу