Қазақ еліндегі татарлар бірлікті бекемдеуді парыз санайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ еліндегі татарлар бірлікті бекемдеуді парыз санайды

11.04.2014
Қазақ еліндегі татарлар бірлікті бекемдеуді парыз санайды
Орал өңірінде 90-ға тарта ұлт пен ұлыстың өкілдері өмір сүреді. Олар тілі мен салт-дәстүрін сақтап, мәдениетін байытуда. Солардың қатарында татар халқы да бар.
 
Ақжайық өлкесінде 8 мыңнан аса татар ұлты тұрады. Қазақпен түбі бір туыс халық тілі мен дәстүрінен ешқашан ажыраған емес. Өз арасынан шыққан тума таланттарды да ұлықтап отырады.
 
Мәселен олар, Орал жерінде ақын ретінде қалыптасып, кейін бүкіл татар әдебиетінің классигі атанған Ғабдолла Тоқайды мақтан тұтады. Ақынға арнап мұражай  ашып, орталық көшенің бірінде ескерткіш орнатты. Мұның өзі өзге ұлыстарды өгейсітпеген қазақ халқының дархан мінезінің арқасында,- дейді этноорталық төрағасы.
 
Ришат Хайруллин, Татар ұлттық-мәдени орталығының төрағасы:
Орал өңірінің татарларына, жалпы, Қазақстан татарларына Елбасы үнемі көңіл бөліп отырады. Бұған Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылуы дәлел. Біз өткен жылы халықаралық деңгейде Сабан той мейрамын атап өттік. Біздің орталық тарихи зерттеу жұмыстарын да жүргізеді. Елімізге еңбегі сіңген қандастарымыз туралы материалдар жинаймыз.
 
Ассамблея аясында мәдени орталығын ашқан татар халқы  жастарға ана тілін үйретіп, ұлттық өнерге баулиды. Қазір орталық жанынан «Ялкын» фольклорлық ансамблі, «Кубәләкләр» әншілер тобы, екі би ұжымы ашылып, тұрақты қызмет етеді.
 
Гүлжан Халелова, Татар ұлттық-мәдени орталығының мүшесі:
Барлығымыз тату-тәтті тұрып жатырмыз. Әр ұлт өкілінің осындай ұжымы бар. Қазақтың жерін өте құрметтейміз, бағалаймыз. Өз туған еліміз, ауылымыз, деп еркін жүреміз.
 
Бірлігі бекем елдің болашағы баянды болмақ. Сондықтан, оралдық татарлар елдегі тыныштықтың сақталуына атсалысуды өздерінің борышы санайды.
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу