Шығыс Өңірлік әскери қолбасшылығы оқу-жаттығу жиынын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Өңірлік әскери қолбасшылығы оқу-жаттығу жиынын өткізді

11.04.2014
Шығыс Өңірлік әскери қолбасшылығы оқу-жаттығу жиынын өткізді
Еліміздің Жоғарғы Бас Қолбасшысы әскерилердің алдына жаңа міндет қойды. Ол - Қазақстан армиясының кәсіби біліктілігінің жоғары болуы және әрбір сарбаз бен офицердің алған теориялық білімін іс жүзінде сәтті орындай білуі.
 
Сондықтан, Шығыс Қазақстандағы арнайы мақсатта тағайындалған барлау полкы бір айлық кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізді.
 
Арнайы мақсаттағы барлау полкы Қазақстан бойынша 5 жерде ғана бар. Соның бірі - Семейдегі бөлімше. Бүгінде мұндағы Отан қорғаушыларға темірдей тәртіпке төзімді әрі әскери өмірге жан-жақты машықтанған кәсіби шебер болу міндеті жүктелген.
 
Ержан Ибраев, «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығы арнайы мақсаттағы жеке барлау полкының командирі:
Бізде дайындық жаңа жоспарлар бойынша жүргізіледі. Біздің әскердің биылғы ұраны - «Кәсібилік - әскер негізі». Соған лайық болу үшін біліктілікті арттырып, сарбаздарды шыңдап жатырмыз. 
 
Оқу -жаттығуға қатысушылардың бірі - Әли Нұрахметов. Полкте келісімшарт бойынша қызмет атқарады. Әскерилер арасындағы «Үздік сержант» сайысының жеңімпазы. Аға сержант ағымдағы жылы Қарағандыда арнайы дайындықтан өтіп келген. Бүгінгі жиында ол үйренгенін іске жаратты. 
 
Әли Нұрахметов, аға сержант:
Сержанттардың кәсіби біліктілігін арттыру жөнінде үлкен талаптар қойылған. Осы талаптарды орындау үшін біз жеке құраммен дала жаттығуларын атқарамыз.
 
Оқу-жаттығуында аға сержант - Әли Нұрахметов 10 шақырымды 32 келі жүкпен белгіленген уақытта жүгіріп өтті. Белтемірге арналған жаттығуларды да оңай орындады. Артынша 100 метрлік нысана көздеуден мүлт кеткен жоқ. Бұл барлау полкының әр сарбазы үшін қиын шаруа емес. 
 
Даладағы жаттығу терроризмге қарсы операцияны іске асыру дайындығымен, техниканы басқару шеберлігімен қорытындыланды. Сарбаздар бүгін сыннан сүрінбей өткенімен, келер күннің міндеті көп. Ол - шыңдалғанның үстіне шыңдала түсу.
 
Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу