Астананың іргесіндегі шағын аудан халқы жол азабын тартуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананың іргесіндегі шағын аудан халқы жол азабын тартуда

28.03.2014
Астананың іргесіндегі шағын аудан халқы жол азабын тартуда

Астананың іргесіндегі Үркер шағын ауданының халқы жолдың азабын тартып отыр. Ауылдың шетіне барғандар резеңке етік киіп, үстілері балшық-батпақ болған адамдарды көреді. Олар сол түрлерімен қалаға қатынайды. Қаланы былай қойғанда, ауыл ішіндегі дүкенге барудың өзі мұң. 

 
Ләззат Бектас, тілші:
Бұл - «Үркер» тұрғын алабы халқының кешкен тауқыметінің бір күндік көрінісі ғана. Қарапайым халық емханаға келіп қаралу үшін де осындай батпақ басып, су кешіп өтуге мәжбүр. Өйткені, мұнда жол жоқ.
 
Сара Терлікбаева - зейнеткер. Жүрегі сыр беріп, дәрігерлік есепке алынған науқас. Емханаға айына бірнеше рет барып, көрініп тұратын көпбалалы ана жолдың жоқтығын айтып, қынжылады
 
Сара Терлікбаева, қала тұрғыны:  
Әкімдер келіп жыл сайын, зейнеткерлерді, ардагердерді, көпбалалы аналарды шақырады. Уәде беріп кетеді, нәтиже жоқ.
 
Көше мен аялдама арасы 700 метрге жуық. Бірақ, аяқ алып жүру мүмкін емес мұнда. Әсіресе, балалар мен нәресте құшақтаған аналарға өте қиын. Жаяу жүргіншіні айтпағанда, емханаға автокөліктің өзі бара алмайды.
 
Ақбота Ішікенова, қала тұрғыны: 
Батпақ кешіп келеміз. Мына жолға кім қарайды, білмеймін.
 
Қылышбек Әлібаев, Отан соғысының ардагері: 
Осы жердегі ардагердің бірі  мен едім. Соның өзінде жолдың қандай екенін көріп отырмын.
 
Шенеуніктер болса, құрғақ уәдеден аса алмай отыр. Есіл ауданы әкімдігіне хабарласып көріп едік, олардан әзірге мардымды жауап болмай тұр. Ал, Үркер ауылы тұрғындарының күтуден басқа амалы жоқ.
 
Ләззат БЕКТАС

Хабарламаларға жазылу