Кәсібін дөңгелеткен кембағал жандар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсібін дөңгелеткен кембағал жандар

28.03.2014
Кәсібін дөңгелеткен кембағал жандар

Қазақ зағиптар қоғамының Орал өндірістік кәсіпорны 50-ден аса мүмкіндігі шектеулі жанды жұмыспен қамтыcа, осында құрылған қоғамдық ұйым олардың құқықтарын қорғайды.

 
Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар бос уақытын тиімді өткізіп, қосымша табыс тауып отыр. Бүгінде мүгедектерді жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның жұмысы бір емес, бірнеше бағытта дамыған.
 
Балғайша Жүсіпова - кәсіби тігінші. Кәсіпорынға келгенде 17-дегі бойжеткен еді. Осында тапжылмастан 40 жыл еңбек еткен әйел биыл зейнетке шықпақшы. Ұзақ жылғы іс тәжірибесі мол маман ұжымда да беделге ие.
 
Балғайша Жүсіпова, І топтағы мүгедек: 
Мен өз ісімді өте жақсы көремін. Бұл - жастайымнан таңдаған кәсібім. Ұжымымыз да тату, жастарды қолдап, білгенімізді үйретіп отырамыз.
 
Тоқырау кездері тоқтаған өндіріс 1997 жылы басшылыққа Мәлік Көбейсіновтің келуімен қайта жаңғырды. Білікті маман кәсіпорын қызметін нарық заңына бейімдей білді.
 
Қазір мұнда тігін цехымен қатар, бірнеше шеберхана жұмыс істейді. Ағаштан жиһаздар, пластиктен есік-терезелер жасалады. Өндірістен шыққан өнімдердің сапасы да жоғары. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа ұқыпты, тапсырманы тиянақты орындауға тырысады,- дейді кәсіпорын басшысы.
 
Мәлік Көбейсінов, Қазақ саңыраулар   қоғамының Орал оқу-өндірістік кәсіпорнының директоры: 
Әлі де кеңейтсек, деп отырмыз. Тендерлерге қатысып, басқа салаларын көбейту жоспарда бар.
 
Оқу-өндірістік кәсіпорнына облыстағы есту және сөйлеу қабілеті нашар жастар жұмыс іздеп жиі келеді. Бәрін қабылдау мүмкін болмаса да жылына 3-4 жасты қызметке алу дәстүрге айналған.
 
Үш айлық оқудан соң олар іске кіріседі. Бұған қоса кәсіпорын өңірдегі тұрғын-үй құрылысына қатысып, әлеуметтік нысандарды жөндеуге атсалысып келеді.  
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу