Ақтөбелік мүсінші Орынбасар Төлегенов қазіргі уақытта қыштан ұлттық кәдесыйлар жасауға ден қойған. Өнерін шыңдап, оны табыс көзіне айналдырған.
Аядай шеберханаға кірсе, Орынбасардың жаны жай табады. Ол қыштан түрлі құмыра, бабалар тұтынған дүниелердің үлгілерін жасайды. Үш жүз бен одан тараған ру таңбалары сұранысқа ие.
Орынбасар Төлегенов, мүсінші:
Ру таңбалары бойынша сұраныс көп түседі. Кәдесый сататын салондардан да көп келеді. Бұл - көз майын тауысып істейтін жұмыс.
Орынбасар балшықты илеп, оған кейіп келтіріп, 90 градус пеште қыздырады. Одан соң ұлттық ою салады. Ол - шеберлер отбасындағы қолы епті төртінші ұрпақ.
Қолөнер - қосымша табыс көзі. Орынбасар айына 100-ден аса кәдесый жасайды. Кірісі де аз емес. Ұлттық мереке қарсаңында жұмыс қызып тұр. Шеберге шәкірті көмек көрсетеді.
Жұлдыз қолы қалт етсе, шеберханаға асығады. Өзі жасаған бұйымы жақсы шықса, марқайып қалады.
Жұлдыз Тұралина, әуесқой қолөнерші:
Туындың жақсы шықса, көңіл-күй сыйлайды. Жасаған жұмыстарыңды халық ұнатса,сатуға да болады.
Қазір Жұлдыздың көздегені - сатып, пайда табу емес. Мүсінші болу. Ол үшін тарих пен салт-дәстүрді зерделеп жүр. Бұл жұмыстың өзегі - дарын мен шабыт. Өнер - ізденіп, еңбектенуге, жемісін көруге жетелейді.
Сондықтан Жұлдыз да болашақта шәкірт тәрбиелеп, ұлттық өнерге өз үлесін қоссам, дейді.
Әлия ТАЛАСОВА