Қазақстан Халқы Ассамблеясының XVII сессиясы өтеді

19.03.2014
Қазақстан Халқы Ассамблеясының XVII сессиясы өтеді

18-сәуірде Астанада Қазақстан Халқы Ассамблеясының 17-ші сессиясы өтеді. Іс-шараға Ассамблеяның Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысады.

Кезекті жиынның тақырыбы – «Қазақстан-2050» Стратегиясы. Бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті». Айтулы шараға толық 1 ай бар. Ол кезге дейін нендей шаруалар атқарылады, қандай жұмыстар жүргізіледі?
 
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіне Ассамблея атынан сайланған Мәжіліс депутаттары келіп, журналистерге осы тақырыпта брифинг өткізді.
 
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шетелдік сарапшылар Қазақстанды Бабылға көп ұқсататын. Себебі - тілі бөлек, діні бөлек жүздеген ұлттар өмір сүріп жатты. Оларды біріктіретін идея жоқтай көрінген-ді.
 
Барлығы - біздің елде «Вавилон сапырылысы» болады деп күтті. Жоқ, біздің басшы осыншама көп қауымның басын біріктіретін, барлығының да құқын, хақын ескеретін құрылым түзді. Ол - Халықтар Ассамблеясы еді». Бұл - депутат Саяпованың пікірі.
 
Зухра Саяпова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әлемнің көптеген елдері шайқалып, төңкеріліп жатқанда, Қазақстан тұрақтылық пен келісімде дамып отыр. Мұның басты сыры - халқының ауызбірлігінде, татулығында. Әрине, Ассамблея бұл салада көп шаруа атқарды. Елдегі бүкіл диаспора өкіліне мемлекетшілдік менталитетті сіңірді. 
 
Депуттатың бұл сөзін қостай отырып, Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі  «Қазақстан ұлтаралық татулықтың экспортеріне айналды», дегенді де қоса кетті.
 
Елбасы «Қазақстанның экономикалық әлеуетін көтеруде Ассамблеяны пайдалану қажет», деген.  Яғни, диаспоралар ата-мекені мен Қазақстан арасын жалғауы керек.
 
Егор Каппель, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қиын кезде қазақ жұрты бізге жәрдем етті. Мұны ешбір неміс, ешбір ұлт өкілі ұмытпайды. Атамекеніне қайтып кеткендер ар алдындағы міндетім деп, Қазақстанға қайта келіп жатыр. Бизнес-жобасы мен өзімен бірге инвестиция ала келуде.
 
Ұлтаралық мәселе – кім-көрінгеннің талқылайтын тақырыбы емес. Себебі, бұл - өте нәзік дүние. Бұл тақырыпты арнайы мамандар, ғалымдар қарауы керек.
Қазақ басшысының Ассамблеяны құрудағы негізгі мұраты да осы болды. Ендігі міндет – Ассамблеяның кезекті жиынын өткізу және алдағы тапсырмаларды бір екшеп алу.
 
Ералы Тоғжанов, Қазақстан Халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:
Негізгі тақырып – «Қазақстан-2050» Стратегиясы. Бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті». Сессияға дайындық жүргізіп жатырмыз.
 
Ассамблея өзінің міндетін орындады.
 
Нұрбек БЕКБАУ

Хабарламаларға жазылу