Бірлік пен тірлік сабақтастығы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірлік пен тірлік сабақтастығы

19.03.2014
Бірлік пен тірлік сабақтастығы

Қарағанды металлургиялық комбинатының негізін 30-ға тарта ұлт өкілдері бірлесе қалаған болатын.

 
Бүгінде ынтымағы жарасқан ұжымдағы біте қайнасқан тірлік пен бірліктің сабақтастығы одан ары өркен жайып келеді.
 
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Теміртауға жолыңыз түсе қалса, тұрғындарының түрлі ұлт өкілдері екенін көріп, қайран қаласыз. Олардың басым дені шаһардың құрылуына себепші болған металлургиялық комбинатта жұмыс істейді. Бірлігі жарасқан ұжым бүгінде ел экономикасына еселі үлес қосуда.
 
Металлургиялық комбинат ұжымы көпұлтты болғанымен, татулықтары мен бауырластығы жарасқан қара шаңырақ, дейді зауыт жанындағы өнерпаздар тобының мүшесі Андрей Ярош.
 
Өзі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып тұрады. Алда келіп қалған жыл басы Наурыз мейрамына үлесімді қоссам деген құлшынысымен, жұмыстан соң келіп дайындықта жүр.
 
Андрей Ярош, металлург:
Қазір міне, Наурыз мейрамына дайындық үстіндеміз. Жалпы, еліміздегі қандай мейрам болмасын ұлттар мен ұлыстарға ортақ. Бірлігімізді одан әрі нығайтуға септігін тигізеді.
 
Көп ұлттың өкілдері топтасқан металлургия комбинатындағы жарасымды тірлік пен береке-бірліктің түп тамыры зауыттың сонау құрылу тарихымен астасып жатыр. Өткен ғасырдың орта тұсында сол кездегі үкімет барлық жалындаған жастарды көмір шахталары мен кеніштерді игеруге, жаңа зауыттар мен басқа да ірі кәсіпорындар құрылысына шақырды.
 
Олардың ішінде Қарағанды металлургиялық зауыты да болды, дейді Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени мұражайы қызметкерлері.
 
Қуаныш Тыныбекұлы, Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени мұражайының қызметкері:
Металлургиялық комбинатта  түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері жұмыс істейді. Олар осы күнгі ең алғашқы Қазақстан магниткасы пайда болған кезде келген аға буынның қазіргі ұрпағы. Осының барлығы Теміртау шаһарының одан әрі гүлденуіне, одан әрі дамуына, жалпы, Қазақстан магниткасының қарыштап дамуына атсалысады деп сенеміз.
 
Бүгінде металлургиялық комбинатта 15 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың барлығы да тұрмысымыздың түзеліп, экономикамыздың өрлеуін ішкі татулық пен ырыс алды ынтымақтың арқасы, дейді.
 
Қазақтай елдің бауырында бау-бақшадай өсіп, жайқалып жатқан сан түрлі ұлыстардың мысал етер келбеті бұл. 
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу