Даланы гүлге бөлеген арулар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Даланы гүлге бөлеген арулар

08.03.2014
Даланы гүлге бөлеген арулар

Дегенмен,машақаты көп болса да, осы гүл шаруашылығын қолға алған еңбекқорлар жоқ емес, бар. Тараздағы «Қысқы бақ» гүлзарындағы гүлдер көздің жауын алады. Мұнда 300-ге жуық әйел еңбектеніп жүр. Соның арқасында көктем мерекесінің сән салтанатына айналған гүлдер құшақтарды қуанышқа толтырып, көңілдерге құштарлық сыйлайды.

 
Сыртта көктемнің көкөзек шағы. Ал шуақ лебі ескен жылыжайда гүлдің жүздеген түрі шешек атып, жайқалап тұр. Гүлзардың қызметкерлері күндіз-түні кезектесіп, жапырақ жайып келе жатқан гүлдердің жайқалуына жағдай жасайды. Тынымсыз тірлік мұнда жыл бойына жалғасады. Шешек атқан гүлдердің алғашқы орамы қазір сауда орындарына жөнелтіліп жатыр
 
Ғалия Қожахметова, гүлзар қызметкері:
Гүл дегеніміздің өзі кішкентай нәзік бала сияқты. Көңіл күймен қарасаңыз гүл де жайнап тұрады. Мейірім, шапағат керек. Жылы сөз айтсаң жайқалып шыға келеді.
 
Ғани Қалмаханов, тілші:
Гүл адам баласына бір сәттік қуаныш сыйлағанымен есесіне оны өсіріп-жетілдірудің машақаты тіптен көп. Тұқымнан көшет етіп өсіру өз алдына, ал ол гүл гүлдегенше 4-5 айдай уақыт тек күтіп-баптауға кетеді.
 
Гүлзарда жұмыс істейтіндердің дені әйелдер. Ұжымдағы қарым қатынас, ынтымақ  ерекше. Өйткені жайқалған гүлдер оларды сұлулыққа құштар етумен қатар, ілтипат пен ізетке, парасаттылыққа бастайды.
 
Жұмакүл Омарова, «Қысқы бақ» гүлзарының басшысы:  
Гүлдің адамға деген әсері өте мол. Себебі гүлден ерекше сұлулықпен бірге адам нәр алады. Гүл тұрған жерде биік сезім пайда болады.
 
Наурыз келгелі гүлзарда қызу тірлік. Гүл арқылы мейірімділік пен махаббат, қуаныш пен ілтипат сезімін жеткізгісі келгендердің қарасы көп. Жылы сезімдердің жаршысы болған алқызыл гүлдер мыңдаған қыз-келіншектің көңілін тасытып, қуаныш құшағына бөлеп жатыр. 
 
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу