Ағашқа жан бітірген ағайындылар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ағашқа жан бітірген ағайындылар

26.02.2014
Ағашқа жан бітірген ағайындылар
 
Өнер біреуге туа бітсе, енді біреу жүре машықтанып, үйренеді. Ұрпақтан ұрпаққа берілетіні тағы бар. Алматы облысы, Сарқан ауданында тұратын ағайынды Тольяттилер үшін қолөнер - әкеден дарыған киелі мұра.
 
Олар көне қару-жарақ түрлерін, ат әбзелдерін, ыдыс-аяқтың небір үлгілерін жасайды. Ең бастысы, олар алдымен өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға ерекше мән беріп келеді.
 
Мұратбек пен Еркінбек қолдарына алған заттың бәріне жан бітіреді. Ағашты ойып, теріні илеп, темірді иген қос шебердің қиялы да шексіз. Жігіттер іске кіріскенде, төрт түліктің тұяғы мен мүйізі де бір кәдеге жарап кетеді. Олардың туындылары кез-келген үйге әр беріп, қазақ халқының ежелгі тарихынан  сыр шертеді.
 
МұратбекТольятти, шебер:
Шетелге шығарсақ деген мақсатымыз бар.  Олар Қазақстанда иероглифтердің барын білмейді.
 
Мұратбек ауқымды дүниелермен айналысқанды ұнатады. Ал інісі Еркінбек көбіне зергерлік бұйымдарға бейім. Сондықтан да болар, жас шебер өз болашағын зергерліктің тізгінін берік ұстаумен елестетеді.
 
Еркінбек Тольятти, шебер:
Зергерлікпен айналысатын орталық ашсам, деген ойым бар. Өйткені, ондай орталық әзірге жоқ. Жергілікті халыққа пайдасы тиер деп ойлаймын.
 
Мұратбек пен Еркінбек - ата-анасының 6 қыздан кейін көрген ұлдары. Жігіттердің мақсаты - шеберліктерін әрі қарай ұштап, өндірісті ұлғайту. Отбасы кәсіпті дамытатын көптеген мемлекеттік бағдарламар туралы хабардар. Елбасының кезекті Жолдауын оқып танысқалы бері ағайындылар бізде қолдауға ие болатын шығармыз, деп құлшынып отыр.
 
Мәншүк Нысапқызы, шеберлердің анасы:
Елбасы теледидардан кәсіпкерлерді қолдау туралы айтып жатыр.
 
Шеберлер халық сұранысынан туындаған барлық затты жасауға тырысады. Мынау қиын деп көрген емес. Жігіттердің алғашқы ат әбзелдері де сәтті шықты. Батыс пен Шығыс стильдерін тоғыстырған ертоқымның шеберханада жатып қалмасы анық.
 
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу