Қайырымды жандар қамқорлық жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайырымды жандар қамқорлық жасады

24.02.2014
Қайырымды жандар қамқорлық жасады
 
Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданында «Мейірім» акциясын өткізіп отыру дәстүрге айналып келеді. Бұл шапағаты мол шараға аудан тұрғындары бір кісідей қатысып,  ұйымшылдық танытуда.
 
Олар негізінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мен жетімдерге көмек қолын созады. Ол үшін арнайы қор құрылып, көмекке зәру жандардың тағдырына бей-жай қарамайтын қайырымды азаматтар қаржы жинауда.
 
 Абай ауданы бойынша былтыр қайырымдылық шарасына қатысқан азаматтар 1,5 миллион теңгеден астам қаржы жинаған. Ол аудандағы потранаттық тәрбиедегі 12 баланың атындағы есепшотқа аударылған. Биыл да игі шараға жиналған жұрт шама-шарқынша көмек қолын созуға тырысты.
 
Ерлан Ілдебаев, Абай ауданы әкімінің орынбасары:
Түскен ақша балалардың есепшоттарына аударылады. Олар 18-ге толғаннан кейін тұрғын үй алуға, оқуға түсерде көмегін тигізетін болады.
 
 «Мейірім» акциясына қатысқан мейірімді жандардың қолдауына ие болғандардың бірі - Кәрібековтар отбасы. Отағасы Мейрамхан бірнеше жыл қатарынан денсаулығы нашарлап көп қиындық көрген.
 
Басында баспанасы болмай, әр жерден пәтер жалдап берекесі кеткен жас отбасына әкімшілік көмек қолын созыпты. «Мейірім» акциясынан жиналған қаражаттың біраз бөлігіне пәтер сатып әперген.
 
Жарыда Бекішева, Карауыл ауылының тұрғыны:
Әкімшілік тарапынан үй алып, тұрып жатырмыз. Бала-шағамыз балабақшаға барады.
 
Жетімін жылатпаған қазақы дәстүр Абай елінде жақсы сақталған. Мәселен, облыс бойынша Абай ауданы төңірегінен бірде-бір бала жетімдер үйіне тапсырылмайды. Ата-ана қамқорлығаннан айырылған әр балғынды ағайын-туыс, ауылдастары бауырына басады.
 
Советқазы Ысқақ, Қарауыл ауылының тұрғыны:
Осы жетімдерді жеткізсек деген мақсатта жүрген адамдармыз. Солар аман-есен жетсе екен. Жетім көрмесек екен.
 
Қанша Нұрғалиқызы, Қарауыл ауылының тұрғыны:
Адамдарға қамқорлығы да, қайырымдылығы да бар, тәрбиелік мәні зор акция өтіп жатыр. Елбасы Жолдауында да қайырымдылыққа, бірлікке мән беріп жатыр.
 
Қайырымдылық акциясынан ауыл жастары да шет қалған жоқ. Аудандағы жастар орталығының мүшелері аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар үшін «Тәтті күлкі» шарасын ұйымдастырды. Балғындар қазақ мультфилімдерін тамашалап, тек тәтті тағамдар қойылған дастарханнан дәм татты.
 
Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу