Балабақша – тәрбие бастауы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балабақша – тәрбие бастауы

31.01.2014
Балабақша – тәрбие бастауы

Елбасы Жолдауында «Бала – болашақ, ел ертеңі», делінген. Жас ұрпақтың тәрбиесі алдымен балабақшадан басталады. Сондықтан, бүгінде еліміздің әр өңірінде баланы жастай жақсыға үйретіп, мектепке дайындайтын орталықтар көбейіп келеді.  Соның бірі - Алматыдағы №179 балабақша. Ашылғанына 20 күн болған орталық заман талабына сай. 120 бала тәлім алуда.

 
Мектепке барғанға дейін балақандар мынадай жаңа үлгідегі балабақшада тәрбиеленуде. Осы жерде жасына сай базалық білім алып, зейінін қалыптастыратын ойын түрлерін үйренеді.
 
Тек бұл ғана емес, салауатты өмір салтына бейімделіп, өнерге аяқ басады. Үш  жастағы Бекнұр Берікқали балабақшаға келгелі белсенді. Жігіттігін танытып, суырылып шықты.
 
Бекнұр Берікқали, №179 балабақшасының тәрбиеленушісі:
Балабақша есігін,үшке толып ашқанбыз,
Балапандай өсіріп, мәпелейді бақшамыз,
Бұл екінші үйіміз, бір туғандай бәріміз
Біз осы үйдің гүліміз, біз осы үйдің сәніміз.
 
Өзге ұлт өкілдерінің басын құраған балалар бақшасында тек қазақ тілінде дәріс жүргізеді. Мұнда ең басты, балалардың қатарларымен араласып-құраласып, ой-өрістері мен қарым-қабілетін арттыруға баса ден қойылған. Бұл білікті психологтарға жүктелген басты міндет. 
 
Маржан Шапақова, №179 балабақшаның психологы:
Кішкентай бала бірінші көзбен көреді. Сосын сөйлейді. Көзбен тез қабылдайды. Зейінін, тілін дамыту үшін әртүрлі тартымды, анық суреттерді мысалға аламын.
 
Айнұр Әлімбаева, №179 балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы:
Елбасы атап өткендей, 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылуы жоспарланып отыр. Соның аясында біздің балабақша ашылды. Республикалық бюджеттен 291 миллион қаржы бөлінді.
 
3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың балабақшадан үйренері көп. Себебі дәл осы жас аралығындағылардың оқуға қабілеті жоғары екен. Әлемдік тәжірибеге сүйенген балабақша ұжымы мектепалды білім беру сапасын күшейтпек. «Баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі» қағидасымен келешекке қадам баспақ.
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу