Біздің қоғам бала тәрбиесіне қаншалықты назар аударады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Біздің қоғам бала тәрбиесіне қаншалықты назар аударады?

24.06.2018

Білімді қозғаған соң, тәрбие мәселесінен де аттап өтпелік. Осы айдың басында уылдап-шуылдап Балаларды қорғау күнін атап өтіп едік қой. Бұл күн бізге не үшін керек? Тойлау үшін бе, әлде балалардың болашағын ойлау үшін бе? Біздің қоғам бала тәрбиесіне қаншалықты назар аударады?  Олардың құқығы заңға сәйкес қорғалып жүр ме? Сауал көп. Мойындау керек, біздің қоғамда «бала елдің болашағы» деген ұран көп айтылады. Ал, олар саналы тәрбие алып, сапалы білім игеріп, білікті маман болуы үшін, әл-Фараби айтпақшы, балаға білім емес, алдымен, тәрбие берілгені ләзім. Дұрыс қанаттанған, түзу ұшар. Әлбетте, қазір баланың мінезі мен өмірлік ұстанымын қалыптастыратын тәрбиенің түр-түрі бар. Әке мен ана, ата мен әже, тәрбиеші-күтуші және балабақша тәрбиесі. Ауылда баланы алты жасқа дейін ата-әжесі тәлім беріп, бағып-қағып өсіреді. Ал, тіршілігі қайнаған қапас қалада әке-шешенің баласына қарайтын уақыты бар ма? Жоқ.  Қалалықтар үшін бөбекжай мәселесі шешімі қиын шетін проблемаға айналғалы қашан. Мәселен, үлкен қала Алматыда 24 мың бала – балабақша кезегінде тұр. Ал, мемлекеттік балабақшаларда олардың 9 мыңына ғана орын бар. Ал, жекеменшік бақшалардың бағасы тым қымбат. Күнкөрістің қамыты мойынды қажаған Алматыда «Жетімбұрышты» жағалап, түлкіқұрсақ жүрген ағайын үшін балабақша қай әкімнің тұсында да өте-мөте өзекті мәселе. 27 жылдан бері созбаққа салынған бөбекжай жырын Нұрлан Асқарұлы тағы да зерделеп көрді.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу