Ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен неміс қызы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен неміс қызы

17.01.2014
Ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен неміс қызы
Еліміздегі тұрақтылық пен экономикалық дамудың басты кепілі - ұлтаралық татулық, дейді әлемдік сарапшылар. Мұны көпұлтты Қазақстан халқы жақсы біледі. Павлодар қаласының тұрғыны Юлиана Отт – ағылшын пәнінің мұғалімі. Мемлекеттік тілді ерекше қадір тұтады. Соның бір айғағы – айналасы үш жыл ішінде шетел тілін қазақ сыныптарына оқыту деңгейіне жетті. Тіпті, неміс қызы домбыра үйреніп, қазақ тілінде өлең жаза бастаған.
 
Юлиана Отт ауызша сөз мәдениетінен бөлек қазақ тілінің фонетикасын, лексикологиясын, сөзжасамын, морфологиясын жақсы біледі. Ол – ағылшын пәнінің мұғалімі. Тіл білімінен бөлек сабақта тарихты, халықтық педагогиканы жиі қолданады.
 
Адель Ершенова, 7-сынып оқушысы:
Бізге Қазақстан тарихын, бұрынғы оқиғаларды айтып береді. Ол сабағында «Өздеріннің Отандарыңды сүйіңдер, ана тілдеріңді біліңдер», деп айтады. Өйткені, сендер қазақсындар, сондықтан біріншіден қазақ тілін меңгеру керексіңдер, дейді.
 
Бұл – неміс қызының Наурызға дайындап жатқан әні. Ұлыстың ұлы күні ол өзі шығарған өлеңін де көпшілікке оқып бермек.
Юлиана Отт, ағылшын пәнінің мұғалімі:
Мен Немістің қызымын егеменді
Басып келем шаршамай төбе белді.
Мен жеңіспін, көк тумын желкілдеген
Тек жүлде күт ағайын менен енді.
 
Юлиананың Германияға кеткен туыстары бар. Елді сағынады екен. Қазақстандағы әлеуметтік тұрақтылық, экономикалық даму көрсеткіштеріне қарап, қайтадан көшіп келгілері де келеді.
 
Юлиана Отт, ағылшын пәнінің мұғалімі:
Қазақстан - қарқынды дамып келе жатқан ел. Осыны жас ұрпақ білуі керек. Мысалы, еліміздегі ұлттар достығы, татулығы экономикалық дамуымызға себеп болып отыр. Мен болашағы зор осындай елде тұрғаныма қуаныштымын.
 
Мемлекеттік тілді айналасы үш жылда меңгеруге болады. Бұл – қалада туып өскен, орыс мектебінде оқып, институтта орысша-ағылшынша білім алған Юлиана Оттың пікірі. Осыдан-ақ жас ұстаздың танымы тереңде екендігіне көз жетті.
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу