Ауылдағы кәсіпкерлер баламалы қуат көзін пайдалануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылдағы кәсіпкерлер баламалы қуат көзін пайдалануда

16.01.2014
Ауылдағы кәсіпкерлер баламалы қуат көзін пайдалануда

Жамбыл облысында Түгіскен дейтін ауыл бар. Бір кездері мыңғырған мал өсіріп, төскейі төрт түлікке толған шұрайлы мекен. Атадан қалған кәсіпке адалдық танытып жүргендер мұнда әлі де баршылық. Соның бірі Мәдижан Шәрденов.

 
Істің көзін таба білетін еңбекқор жігіт шалғайдағы малды ауылға желдің екпіні мен күннің шуағынан қуат алатын қондырғы орнатып, бүгінде өз бетінше шаруасын дөңгелентіп отыр. Қарт Қаратаудың аңғарларынан үздіксіз соғып тұратын самал жел осылайша малшы ауылдың тұрмысы мен тіршілігінің түзелуіне сеп болды.
 
Малды ауылдың іргесіне орнатылған қондырғының құрылысы қарапайым. Желкен тәріздес темір қалқаншалар желдің екпінімен айналып, генератор арқылы аккумуляторға қуат жинайды. Жел болмаған күні күн көзінен қуат алатын қондырғы іске қосылады. Өндірілген энергия қоражай мен баспананы толығымен жарықтандыруға жетеді. Ең бастысы пайдаланатын қуат тегін.
 
Мәдижан Шарденов, шаруа қожалығының басшысы:
Астында стабилизатор бар. 2 кВт ток жиналады. Жел болмай, күн шықпай неше түрлі өзге ауа райы болғанда екі тәулікке жарайтын ток күшін жинайды өзіне.
 
Мәдижанның тірлігі ширақ. Өрісі кеңейіп келеді. «Сыбаға» бағдарламасынан енші алып, сиыр өсіріп жатыр. Бұрынғыдай малдың санын көбейтуді доғарып, есесіне еті мен сүті мол асыл тұқымды түрлерін көбейтуге кіріскен.
 
Мәдижан Шарденов, шаруа қожалығының басшысы:
Жарықтың бір жақсы жері қыста туатын бірлі жарым сиыр болады. Қораның ішіне жарық болған соң кіріп көреді шарушалықтағылар. Жайлы әрі жақсы.
 
Жапан түздегі жалғыз үйге мұндай қондырығыны орнатуға сеп болған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы. Былтырғы жылы Сарысу ауданы бойынша азаматтардың өтініштеріне сай 20 миллион теңгеге қажетті инфрақұрылым жүзеге асырылған. 
 
Сәкен Мамытов, Сарысу аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:
Ауданда 10 малшы ауылға осындай 10 электр станциясы қойылды. Бір малшы ауылға баратын жол ағымдағы жөндеуден өтті.
 
Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Оған былтырғыдан бір жарым есе көп қаржы бөлініп отыр. Өйткені, Мәдижанның елден ерек ісіне қызығып, өз бетінше кәсіп етемін деп жүргендер көп. 
 
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу