Сыр өңірінің ғалымдары темір бетон бұйымдарын өндірудің жаңа әдісін ойлап шығарды. Жаңалық - темір бетон бұйымдарының құйылу әдісінде емес, оның кептірілу ерекшелігінде.
Ғалымдар гелиожылыту құрылғысының көмегімен, бетон қоспалары құйылған қалыптың ішіндегі температураны бір қалыпта ұстап тұруға қол жеткізіп отыр.
Бұл әдіс арқылы өндірісте жүздеген Кватт қуатты үнемдеуге болады. Жоба авторлары бұл ғылыми еңбектерін EXPO-2017 көрмесіне ұсынбақшы.
Зухра Серікқызы - Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистранты. Бұл ғылыми жобаны қолға алғанына көп бола қойған жоқ. Дегенмен, нәтиже көңіл қуантады.
Мына зертханада ізденушілер цемент пен қиыршықтастан бетон қоспаларын қарапайым әдіспен дайындап, қалыпқа құю сынақтарын жасап жатыр. Күн сәулесі қуатын бойда сақтайтын мына гелиоколлектор арқылы бетон бұйымдарын кептіруге болады. Бұған артық шығынның керегі жоқ, құрылғы бойындағы күннен алынған қуаттың өзі жетіп жатыр.
Зухра Арынова, Қорқыт ата атындағы ҚМУ магистранты:
Бұл күн сәулесі энергиясын құрылыс саласында ғана емес, ғимараттарды жылытуда, спорт кешендеріне, бассейндерді жылытуға, сонымен қатар күнделікті тұрғын үйлеріміздің барлық энергия көздерін жылытуға пайдалана аламыз.
Біле білгенге күн энергиясын тиімді пайдалану арқылы өндіріс, тұрмысқа қажет түрлі бетон бұйымдарын дайындаудың берері мол. Өнім біріншіден, экологиялық таза күйде дайындалады.
Екіншіден, ғылымға энергия үнемдеудің соны технологияларын енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде, тұтыну нарығындағы бетон құрылыс материалдарының сапалық жағынан қайта түлеуіне септігін тигізеді.
Ләззат Аруова, Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры:
Қазақстанда жылына 2 миллионнан текше метрден астам бетон өндірілсе, оған 70 миллион текше метр газ жұмсалады. Ал біз ұсынып отырған әдістің шығыны өте аз. Жаз мезгілінде энергия 100 пайызға үнемделсе, қыс кезінде энергия қуатын 40-50 пайызға үнемдеуге мүмкіндік бар.
Жаңа жобаны қолға алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары тың бастаманы отандық тауар өндірушілерге, кәсіпкерлерге ұсынуды көздеп отыр. Бұл жұмыс жасыл экономика, баламалы энергия көздері тақырыбында өтетін EXPO-2017 көрмесіне ұсынылса, жаһан ғалымдарын бей-жай қалдыра қоймас.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ