Танымал тұлғалар GGG-ді қолдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Танымал тұлғалар GGG-ді қолдады

17.09.2018

Геннадий Головкин мен Сауль Альварес әлемге естен кетпес бокс кешін сыйлады.  Кешеден бері дүниежүзінің танымал жұлдыздары  әлеуметтік желілердегі парақшаларында осындай пікір қалдыруда. Олардың басым бөлігі жерлесеміздің жеңіске жеткеніне сенімді. Бірі төрешілер ұпайды дұрыс санамады деп қарсылық танытса, енді біреулері «таза жеңіс Альваресте» деп мексикалық боксшыға қолдау көрсетуде. Дегенмен, дені қазақтың мақтанышына айналған GGG-ді жақтап отыр.

Көптен күткен тарихи бокс кеші де аяқталды. Өкінішке қарай, жерлесіміздің чемпиондық титулдары Альварестің қоржынына түсті. Жеңілістің дәмін алғаш татқан Геннадий Головкин еш мұңаймайды. Керісінше «Қайта ораламын» деп миллиондаған жанкүйерін қуантты. Ғасыр жекпе-жегіне қарапайым көрерменнен бастап, әлемнің танымал спорт жұлдыздары пікір білдірді. Әлеуметтік желінің басым бөлігі GGG жеңісіне сенімді.

Бокс кешін  әлемге таратқан атақты «ESPN» спорт каналының комментаторлары да тікелей эфирде жерлесімізді қолдады. Тіпті, әріптесінің Головкин жеңіледі деген болжамына қарамастан қазақ баласының жеңісіне сенген  Тедди Атлас ұпайларды өзі санап, нәтижесін миллиондаған көрерменмен бөлісті.

Геннадий Головкиннің жойқын  соққысына шыдаған әлемде санаулы ғана боксшы бар. Былтыр 12 раунд бойы тізе бүкпестен шаршы алаңда GGG-ге  лайықты қарсылық танытқан Даниель Джэйкобс та бокс жайында өз пікірін білдірді.

-Керемет жекпе-жек. Мен Головкиннің екі раунд айырмашылығымен басым түскенін көрдім. Пікір сондай. Геннадий Альвареске қарағанда ширақ қимылдап, жақсы жұмыс істеді. Әрине, Канелло да өзін жақсы ұстады. Боксшылар жақыннан жұдырықтасты. Мен жекпе-жекті қайта көріп шығамын. Сол кезде өзіме нақты шешім қабылдаймын. Әзірге мен үшін Головкин жеңімпаз.

Жерлесімізге көрсетілген әлемдік деңгейдегі қолдаулар Геннадийге ерекше күш-жігер беретіні сөзсіз. Дүниежүзінен келген мұндай пікірлер даңқты боксшының еңсесін түсірмей, қайта жігерлендіретініне бұқара халық сенімді.

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу