Геннадий Головкинге спорттағы еңбегі үшін ХОК төсбелгісі табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Геннадий Головкинге спорттағы еңбегі үшін ХОК төсбелгісі табысталды

24.08.2016
Геннадий Головкинге спорттағы еңбегі үшін ХОК төсбелгісі табысталды

Халықаралық олимпиада комитеті Геннадий Головкиннің спортқа сіңірген еңбегі мен әлем спортында қалдырған мұрасын мойындайды. Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах Геннадий Головкинге осыған байланысты олимпиадалық айырым төсбелгісін жолдады.

«Төсбелгіде олимпиада ойындарының нышаны белгіленген -  бес дөңгелек пен Афины-2004 деген жазу бар, бұл қазақстандық боксшының осы Олимпиадаға қатысқанын білдіреді. Онда күміс еншіленген болатын», - делінген ВКонтакте желісінің GGG парақшасындағы хабарламада.

Айта кетерлігі, Геннадий Головкин мамыр айында Монакодағы Гран-При жүлдесінде қонақ ретінде қатысып, сонда Монако князы ІІ Альбер Томас Бахпен ресми таныстырған болатын. Сол кездесуінде ХОК басшысы спортшының тамаша жетістіктеріне бас иетінін айтып, қазақстандық әлем чемпионына Халықаралық олимпиада комитеті атынан сыйлық жасайтынын уәде еткен-ді. Бүгін осы төсбелгі  GGG-дің  Big Bear-дегі  жаттығу лагеріне де келіп жетті. 

Еске сала кетейік, 2004 жылы Афиныдағы Олимпиадада әуесқой боксшы Геннадий Головкин (75 келіге дейінгі салмақта) күміс жүлдені иеленген болатын. Содан екі жылдан соң Головкин кәсіпқой бокстағы өзінің алғашқы жекпе-жегін өткізген еді.

Бокстан орта салмақтағы WBC, WBA (Super), IBO, IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (35-0, 32 КО) қыркүйектің 10-да Лондонның «О2» аренасында IBF нұсқасындағы титул иегері британдық Келл Брукпен (36-0, 25 КО) кездеседі.

ҚазАқпарат

Хабарламаларға жазылу